80 жастағы қостанайлық Сәулима Ахметова мал бағып, бала-шағасын ет-сүтпен қамтамасыз етіп жүр. Ол бұл кәсіптің ұмытылып кетпей, кейінгі ұрпақ та жемісін көргенін қалайды. Мамандардың айтуынша, ешкі сүті-көптеген ауруларға ем. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Зейнеткер Сәулима Ахметова ешкі бағып ата кәсіпті дамытып отыр. Бір өзі үш отбасымен бірге ауыл-аймақты құнарлы, табиғи тағаммен қамтамасыз етіп отыр.
«Қолымдағы он-он бес шақты ешкім жыл он екі ай ермек. Жазда қаймақ-май үзілген емес. Қыста жылы қорада ұстап, жем-суын уақытылы беріп отырамын. Бір жағынан, қимыл-қозғалыссыз отыра алмаймын. Қаланың шет жағында тұрғандықтан, көк шыға сала ешкілерді бір мезгіл сыртқа бағып келемін. Мал жайып жүріп, көршілерімді көремін. Әңгімелесіп, уақыттың қалай өткенін білмей қаласың», – дейді ол.
Зейнеткер әр ешкінің жайын жақсы біледі. Біріне тәтті ұсынып, енді біріне өз қолымен нан беру -күндегі әдеті. Ауылдан көшер кезде ешкілерін өзімен бірге ала келіпті. Қазір түліктер түгел лақтады.
«Осы жасқа келіп, ширақ жүруім тынымсыз еңбек, таза тағамның арқасы. Жұмыстың жаманы жоқ. Адам кез келген жұмысты бастарда бар ынтасымен кірісуі керек. Қалада тұрып та мал ұстауға болады. Бір жағынан, ешкі малы өсімтал, тез көбейеді. Күніне екі рет сауып аламын. Олардың әрқайсысы 1,5-2 литрден сүт бергеннің өзінде күніне 1 шелек шығады. Ешкі сүті жеңсік ас, оның емдік қасиеті де мол», – дейді Сәулима әжей.
Мамандардың айтуынша, ешкі сүті – А, С, В, Д, Е дәрумендері мен басқа да микроэлементтер қорының қайнар көзі болғандықтан адам ағзасына өте пайдалы өнім.
«Бұл үй жануарының сүтін сүйегі сынған адамдар күніне 1 стақаннан ішіп тұрса, сынығы бітіп, қалпына келу процесі 2 есе жылдам болады. Ешкі сүтінде аллергиялық реакциялар тудыратын ақуыз жоқ. Сондықтан аллергиясы бар балаларға ешкі сүті таптырмас ем. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезге пайдасы мол», – дейді облысқа танымал ардагер-дәрігер Мұхтар Бөрібаев.
Сексеннен асқан Сәулима Ахметова кейінгі буын ата кәсіптен қол үзіп қалмаса екен деп тілейді. Сол үшін де балалары қалаға көшіріп әкелу жайлы айтқанда: «Мал ұстайтын қора-жай болса ғана барамын», – деп талап қойыпты. Қазір ол Сәулима әжей адал еңбек түпкі мақсатқа жеткізетіндігін кейінгі ұрпақтарына ұдайы айтып отырады.