Қазақта келінге қатысты ырым-тыйымдар көп. Біреулер жаңа түскен келін ешқашан қайын жұртының есімін атамаған десе, тағы біреулері келінге тіпті төрде тұрған жүк, сандыққа қол тигізуге болмайды деп жатады. Ал жиі төркіндеген келіннің үйінен ырыс, береке кетеді деп түсінген. Этнограф Болат Бопайұлы Тengrinews.kz тілшісі Молдир Калыковаға келіндерге неге жиі төркіндеуге болмағанын және осы дәстүрге қатысты ырым-тыйымдарды айтып берді.
Болат Бопайұлы кезінде қазақ келіндері үйлеріне 3 жыл өткен соң да төркіндетіп барған дейді.
"Қазақтың ежелгі салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл толмай немесе балалы болмай, тіпті 3 жыл өткеннен кейін ғана төркіндетіп барған. Себебі қазақ ол дәстүрді қыз жат босағаға барғаннан кейін, яғни оң аяқпен ақ босағаны аттағаннан кейін қайын ата, қайын енесіне, қайын жұртына жарасымды жағымды келін болсын деп ырымдаған. Мұны салт пен дәстүрге айналдырып, жақсы ырымға бағалаған", - дейді ол.
Этнографтың айтуынша, қазақ ұзатылған қыздың сәбилі болмай, күйеу баламен төркіндеп баруы жараспайды деп түсінген.
"Өзге отбасыға келін болып түскен қызға күйеу баламен төркініне бару жараспайды деп түсінген. Ал жыл өткеннен кейін сәбиімен, күйеуімен төркіндеп барса, ол үйдің есік босағасы сықырлайды деп сенген. "Қыз ана болды", "ананың жолы үлкен" деп құрмет көрсеткен. Сондықтан келген күйеу балаға, қызына, бірге келген жиендеріне мал сойып, көрші-қолаңды шақырып, қызымыз төркіндетіп келді деп үлкен дастарқан жайып, шағын той өткізетін болған. Қайтарында күйеу балаға шапан жауып, ат мінгізген - қызымызды сыйлап жүрсін, махабаттары мәңгілік болсын деп ырымдаған", - дейді Болат Бопайұлы.
Бірақ этнографтың айтуынша, бүгінде бұл салт аса сақтала қоймаған.
"Қазір қыздар бүгін ұзатылып, ертең төркіндеп, үйлерінде жүреді. Бұрынғы замандарда ондай нарсеге жол бермейтін болған. Ондай заңды, ырымды дәстүрді қатаң сақтаған. Келін, тіпті, ата-енесі отырған орынға отырмаған, алдын кесіп өтпейтін болған", - дейді Болат Бопайұлы.
Келін қандай жағдайда сәлем салмаған?
Қазақта үлкенге иіліп сәлем салу арқылы ақ бата, жақсы сөз еститін келіннің бағы артады деп жатады. Ал келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті "тізең сынсын" деп айтатын болған. Бірақ белгілі бір жағдайға байланысты кезінде келіндер сәлем салудан босатылған екен. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне тарихшы Жұлдыз Орманова айтты.
Оның айтуынша, келіннің ата-енесі мен қайын жұртына деген құрметін білдіретін бұл дәстүр өте қатаң сақталып келсе, кейбір жағдайларда келіндерге ол дәстүрді орындамауға болады.
"Қазақта келінге қатысты салт-дәстүрлер мен оларға жүктелетін міндеттер өте көп. Дегенмен, тарихқа үңілсек, келін аяғы ауыр болған кезде сәлем салу міндетінен босатылған. Жүкті келінді болашақ ана ретінде санап, керісінше, оған құрмет білдіріп, асты-үстіне түскен. Ал бірақ қазір, шыны керек, келіндер жүктілігінің соңғы айында болса да ұят деп, сәлемін салып жатады. Салт-дәстүрді құрметтегені де дұрыс шығар", - дейді тарихшы.
Сондай-ақ, ол күйеуі қайтыс болған жағдайда келіннің сәлем салудан босатылатынын айтады.
"Күйеуі қайтыс болған жағдайда келін сәлем салудан біржола босатылған. Жолдасынан айырылған келінді жұбатып, барынша қамқоршылық көрсеткен. Көбі жесір әйел cәлем салуы керек пе, салмауы керек пе деп сұрап жатады. Бірақ салтымыз бойынша келіндер мұндай қайғылы жағдайда сәлем салудан босатылуы тиіс. Оның еш айыбы жоқ, құрметсіздік танытты деп айыптауға болмайды. Күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі", - дейді тарихшы.
Бұдан бөлек, Орманова келіндер төркіндеріне сәлем салмайды дейді. Айтуынша, қазақ келіні тек қайын жұртқа иіліп, сәлем беруі тиіс.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, сәлем салу дәстүрі тек түркі халықтарына емес, сонымен қатар, Еуропа халықтарына да ортақ. Ең қызығы Ұлыбританиядағы, Англиядағы корольдік отбасыларында келіндер әлі күнге дейін сәлем салады. Оның сөзінше, қазақ келіндері қалай сәлем салса, сол сияқты Англияның корольдік отбасыларындағы келіндер де солай сәлем салады екен.