"Қазақстанда аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылуы мүмкін" мақалаға орай: ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР (ФОТО)
"Қазақстанда аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылуы мүмкін" мақалаға орай: ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР (ФОТО)

Итаю (1-категория) – өте сирек кездесетін аң. Оңтүстік Үстірттің шағын ғана территориясында таралған. Ол жерде 15-20-дай ғана итаю мекендеуі мүмкін.

 

Шұбар күзен (3-категория) –Қазақстанның шөл және шөлейтті аудандарында кең тараған, бірақ барлық жерлерде саны өте аз. Кейбір құрғақшылық жылдары саны күрт өзгеріске ұшырап, мүлдем азайып кетеді.

 

Барыс (1-категория) – Қазақстандағы ең үлкен жабайы мысық. Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтайдың биік тауларында мекендейді. Саны 200-ден аспайды және жылдан жылға кемуде. Негізгі себептері – Қасақылық және таутекелер мен басқа жабайы тұяқтылардың санының кемуіне байланысты азық қорының азаюы.

 

Тянь-Шань қоңыр аюы (3-категория) – Тянь-Шань тауы мен Жоңғар Алатауында мекендейді. Ол жерлерде тиісінше 200 және 300-дей аю тіршілік етеді. Бұл аңға тиетін негізгі қауіп – адамның тікелей аулауы және таулы аудандарды игеру барысында оны мекендейтін жерлерінен ығыстыру.

 

Орта азия тас сусары (3-категория) – Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтайда тараған. Қасақылық әсерінен саны біртіндеп кемуде. Тас сусарды қорғау үшін көпшілік халық, әсіресе аңшылар, арасында кең көлемде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек.

 

Орман сусары (3-категория) – Қазақстанда тек Жайық өзенінің жайылмаларындағы ормандарда мекендейді. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанның ормандарында бірнеше рет кездескені белгілі. Санын шектеудің негізгі факторлары – аңшылық және азық қорының азаюы.

 

Европа қара күзені (1-категория) – Ертеде Жайық өзенінің алқабы мен Еділдің атырауында мекендеген. Америка су күзенін жерсіндіргеннен кейін қара күзен бұл жерлерде кездеспейтін болды. Қазақстанда оның толық жойылып кетуі де мүмкін.

 

Қабылан (1-категория) – Үстірт пен Қызылқұмды мекендеген, бүгінде бұл жерлерден жойылып кетуі де мүмкін. Өйткені, 70-жылдардың ортасынан бастап республика шеңберінде бұл жыртқыштың кездескені жайында анық деректер жоқ. Негізгі себеп – қабыланды және оның ең басты қорегі қарақұйрықтарды тікелей аулап, сандарын азайту.

 

Түркістан сілеусіні (3-категория) – Сілеусіннің сирек кездесетін түршесі. Қазақстанның тек оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы ормандарда мекендейді.

 

Қарақал (1-категория) – Үстіртте тараған, ертеде Қызылқұмда да мекендеген. Санының аздылығы сонша, түр жойылып кету жағдайында.

 

Қызыл қасқыр (1-категория) – Қазақстан территориясынан жойылып кетуі де ықтимал. Бұл жыртқышты 40 жылдан бері ол мекендеген жерлерден (Тянь-Шань мен Алтай таулары) кездескені жайында анық деректер жоқ.

 

Қарақұйрық (3-категория) – Ертеде шөлді аймақта көптеп кездескен, бірақ қасақылыққа байланысты оның саны 200 мыңнан (30-жылдары) 10 мыңға (70-жылдары) дейін кеміді және көп жерлерде ол кездеспейтін болды. Қазір Қазақстанда 30-50 мыңдай қарақұйрық бар.

 

Тоғай бұғысы (1-категория) – Жойылып бара жатқан Орта азиялық түрше. Ертеде Қазақстанда Сырдария мен Іле өзендерінің бойында мекендеген, бірақ 60-жылдардың ортасында толықтай жойылған. 1981-жылы Тәжікстаннан бірнеше бұғы әкелініп, Іле өзенінің сол жағалауындағы Қарашеңгел аңшылық шаруашылағына жіберілді.

 

Түрікмен құланы (1-категория) – Құланның бұл түршесі Үстіртте мекендеген, ал XX ғасырдаң 30-жылдары ол жерден жойылып кетті. Қазақстанның басқа шөлді аудандарында басқа түршесі – қазақстан құланы мекендеген, бірақ ол 30-жылдары біржола жойылды. 1953 жылы Түркменстаннан Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына әкелінген құландар көбейіп, 1982 жылдан бастап Іле аңғарына, Бетпақдала мен Шығыс Каспий өңіріне жіберілді.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 14038
0 пікір
Блог туралы