Қазақ көрпелері екі үлкен топқа жіктеледі: жамылғы көрпе және төсеніш көрпе.
Жамылғы көрпе аты айтып тұрғандай жамылатын жылы көрпе. Ал төсек көрпе жерге не диван үстіне жайылады.
Көрпенің түрі олардың ені мен ұзындығына, қолдану мақсатына қарай жіктеледі. Төсек көрпе, әдетте, бір кісілік төсектің көлемінде етіп тігіледі. Кейбір құрақ көрпенің түрлері қыз жасауына енеді. Мәселен, төр көрпе, махаббат көрпесі, шәй көрпе, күйеу көрпе, құдағи көрпе, жамылғы көрпелерді атасақ болады.
Көрпенің атауынан-ақ олардың кімге арналғаны айтылып тұр. Махаббат көрпесі – екі жастың жамылуына арналған көрпе. Күйеу көрпе – күйеу жігіт отыратын көрпе, ал шәй көрпеге келін отырып, шәй құяды.
Қазақта құрақтың 200-ден аса түрі бар. Құрақ – мата қиындыларынан құралып жасалатын төсеніш. Яғни, қолөнер туындыларын жасағанда, қалдық болып жиналған қиындыларды қиюластырып, ебін тауып тіккен дүниені "құрақ" дейді. Құрақ көрпе тігуге қошқар мүйіз оюы көп қолданылады.
Халқымызда бесікте жатқан баланы жабатын "бесік көрпе", сәбиді орауға арналған "орауыш көрпе" сынды көрпеше түрлері бар.
Қ. Слямбеков
Ақпарат дереккөзі:massaget.kz
Фото: total.kz