Қазақ келіндерінің ат тергеу дәстүрі
Қазақ келіндерінің ат тергеу дәстүрі

Қазақ келіндерінің ат тергеуі туралы тұтас қазақ арасына кең таралған мынадай бір аңыз бар: «ертеректе ағайынды Қойлыбай, Қайрақбай, Қасқырбай, Қамысбай, Бұлақбай, Пышақбай деген адамдар болыпты. Бір күні сол ауылдың қойына қасқыр тиеді. 

Бұны көрген сол ауылдың бір келіні тізгін ұшымен үйге кіріп, шайын ішіп отырған қойшы жігітке:

– Тез бол, төре қайным, сарқыраманың ар жағындағы сылдыраманың шетінде маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жаныманы білемеге жанып алып, тез барып бауызда! – деп, қой дегенді «маңырама» деп Қойлыбай атасының атын, қайрақты «жаныма» деп Қайрақбай атасының атын, қасқырды «ұлыма» деп Қасқырбай атасының атын, қамысты «сылдырама» деп Қамысбай атасының атын, бұлақты «сарқырама» деп Бұлақбай атасының атын, пышақты «білеме» деп Пышақбай атасының атын тергеген деседі.

Қазақ келіндері үшін ең үлкен әдептің бірі – ат тергеу болса, тұтас жасы кіші адамдар үшін ең үлкен әбестік үлкендердің атын тіке атай салуы болып табылады. Кезінде ұлы мен келінін ертіп, Алтайдан Тарбағатайға жолаушылап бара жатқан бір ақсақал жол-жөнекей бір үйге түседі. Сол үйдегі ақсақал дімкас, тыртысқан адам болғандықтан, жолаушы ақсақал шай құйып отырған келіннен қай ру екенін сұрайды. Сол кезде үй иесі ақсақал келіннен бұрын: «Біз ауыздың үстіндегі, көздің астындағы ел боламыз», – дейді. Бұны жолаушы ақсақал қалт жібермей ұғады. Сәлден соң үй иесі ақсақалы жолаушылардан жөн сұрап:

– Алтайдан келе жатсаңдар Абақ Керей боларсыңдар, соның ішіндегі қай рудансыңдар? – деп жолаушы келінге сынай қарағанда, төрде отырған атасы сөзді іліп алады да: «Көздің үстінен, қабақтың астынан боламыз» деп жауап береді. Екі қария осылайша найманның мұрын, Абақ керейдің қарақас руынан екендіктерін келіндерінің алдында тергеп айтысқан.

Былай қарағанда әрі жұмбақ, әрі жаңылтпаш сияқтанады. Ал шынына келгенде, ата-баба аттарын атаудағы үлкен құрмет. Әрине, екі ақсақалдың осылайша жөн сұрасуының өзі аңғал жастардың жат елдің алдында ағат сөйлеп қоюының алдын алғаны, жастарға берген тәрбиесі екені белгілі.

Қазақ халқында жаңа түскен жас келін үшін 2 үлкен сын болған. Оның бірі, сол елдің, сол әулеттің, тіпті, кішірейтіп айтқанда, сол шаңырақтың жора-жосыны, қағидасы мен ұстанған жолын ұғынып, соған сәйкесуі болса, енді бірі, сол әулеттің үлкендері мен инабатты атын толық ұғынып, солардың атына балама ат қоию, яғни, атын тергеуі болып табылады. Егер алда-жалда жаңа түскен жас келін сол әулеттің, сол рудың, сол елдің үлкен адамдарының атын атап қалса, ол көргенсіздік, тексіздік, тәрбиесіздік, құрметсіздік саналып, үлкен сөгіске қалады, қатал сынға ұшырайды. Жас келіндер сол ауылдың ұлы, кәрі, үлкендерінің атын тегіс тергеп қалмастан, өзінен жасы кіші қайындары мен қайын сіңлілерінің атын да тура атамай, еркелетіп, балама аттармен атайды.

Міне бұл қазақ келіндері үшін ең үлкен тамаша әдеп болып табылады.

Жас келіндердің ат тергеуіне, ең әуелі, өз шешесі тікелей ескерту жасайды. Ал түскен жерінде, ең әуелі енесі, сосын абысын-ажындары мен қайынбике, қайын сіңлілері ескертпе беріп отырады. Тергелетін ат, ең әуелі, сол елге бұрын түскен келіндердің біріңғай атауы бойынша жалғасса, енді бір жағынан, сол келіннің бұрынғылар ат қоймаған адамдардың атын тергеудегі тапқырлығы мен сұңғылалығын қажет етеді.

Жалпылай айтқанда, қазақ келіндерінің ат тергеуі сол келіннің сөз қолданысын, сөз сөйлеу мәдениетін белгілейді. Егер тергелетін ат орнына түспей, сөлекет қолданылса, сол адамды келекелегенмен барабар ұғым береді. Бір күні Түсіп деген кісінің жаңа түскен келіні мен енесі екеуі ғана үйде шай ішіп отырғанда, ит үріп, сырттан дүрсілдеген, тасырлаған дыбыс естіліпті. Сыртқа шығып, асығыс қайта кірген келіні енесіне: «Атам аттан салақтап жатыр», – депті. Бұны естіп, шошып кеткен енесі далаға жүгіріп шықса, шалы аттан түсіп жатыр екен дейді. Асылы, бұрынғы сол ауылдың басқа келіндері «түсіп» дегенді «Сусып» деп тергейді екен.

Ат тергеу қазақ келіндерінің тапқыр шешендігін, сұңғылалығын, әдептілігін сынайтын бірден-бір өлшем болып табылады. Кейбір келіндерді қушыкештер қанша жаңылдырса да жаңылмай, жол тауып кетіп отырады. Сондықтан қазақ келіндерінің ат тергеуі – белгілі адамның атын тергеп атауы ғана емес, сол әулеттің барлық адамының атын, тұтас әулеттің өткен-кеткенінің кімдер екенін толық ұғынуы, ата тектен ағат жібермей, асыл әдеп пен тамаша кісілік моралды сақтауы болып табылады. Ат тергеу дәстүрі қазақ келіндерінің ибалы-ибасыздығын, текті-тексіздігін, сұңғыла-сарамастығын, тілге шешен-шорқақтығын сынайтын қатаң өлшем. Осы арқылы сол келіннің сол отбасындағы, сол ауылдағы, сол әулеттегі орны, қоғамдық беделі тіктеледі. Ат тергеу қазақ келіндерінде ғана емес, қазақ күйеу балалары да атқаратын дәстүр саналады.

Қазақ келіндері басқалардың атын ғана тергеп қалмастан, өзінің күйеуінің атын да тергеген. Мәселен, отағасы, баланың әкесі (кейде пәлен баланың әкесі) деп тергесе, кейбір қара дүрсіндеу әйелдердің өзі әлгі немесе біздің үйдегі деп тергеп жатады.

Бұндай тергеу, біріншіден, жұбайлар ара сыйластықты білдірсе, екіншіден, ұрпақтарға ұқтырған құрмет тәрбиесі екенін көруге болады. Әрине, бұл қазақ әйелдерінің әдептілігін, тектілігін, өзара терең сүйіспеншілігін, ізет-құрметін, әдеп-ибасын, ұрпақ алдында жауапкерлігін көрсетеді. Қазақ тыйымдары бойынша, «ат тергемесе, артқан жүк ауады» дейтін ырым бар.

Қазақ келіндері ат тергегенде жасы мен жолына қарай: үлкен аға, ортаншы аға, кіші аға, кенже аға деп атаса, мінез-құлқына қарай: мырза аға, сері аға, жайсаң аға, жақсы аға, жуас аға, момын аға деп атайды.

Ал кәсібіне, өтеген міндетіне қарай: батыр аға, қойшы аға, жылқышы аға, шебер аға, дарқан аға, өрімші аға, шешен аға, би аға, ақылшы аға, т.б деп атаса, әйел қайын ағаларын жақсы аға, нәзік аға, ибалы аға, ағатайым, т.б деп атайды.

Қайындарына келгенде: інім, төрем, мырзам, тентегім, кенжем, тұлымдым, кішкенем, т.б деп еркелетіп атаса, қайын сіңлілерін: еркем, ақылдас, бикеш, бөйжеткен, сылқым, т.б деп атайды.

Қазақ келіндерінің ат тергеуінен мынадай бірқанша ерекшелікті байқауға болады: біріншіден, сол келіннің шыққан тегін, алған тәрбиесін, әдеп-ибалық қасиетін көруге болады.

Екіншіден, өзінің тиген күйеуіне болған махаббатының қаншалықты тереңдігін, жұбайлардың өзара сүйіспеншілік құрметінің қаншалық деңгейде екендігін көруге болады.

Үшіншіден, сол шаңырақты, сол ауыл мен сол әулетті қаншалық түсінгенін, қаншалықты аялайтындығын, оған қаншалықты табынатындығын көруге болады.

Төртіншіден, келіннің ақыл-парасатын, ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігін, тамаша ибасы мен жан сұлулығын, тіпті, тұтас адамдық болмысын әйгілейді.

(Ақан Жақияұлының материалдары пайдаланылды) 

 
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 8355
0 пікір
Блог туралы