Оразада уақыт өткізу үшін теледидар қарауға болады ма?
Оразада уақыт өткізу үшін теледидар қарауға болады ма?

Рамазан айында ауызашарға дейін теледидар қарап, көбірек ұйықтау немесе бос нәрселермен айналысудың оразаға бір кедергісі бар ма?

Қасиетті Құранда: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз қылынды. Бәлкім, тақуалыққа осылай жетерсіңдер»[1] деп тақуалыққа жетудің жолы оразаны кемеліне келтіріп ұстау екені айтылған. Оразаның кемел болуы таң ағарғаннан күн батқанға дейін құр ішіп-жеу және жыныстық қатынастан тыйылу емес. Бәлки, дүние-ақырет үшін қайырлы істерге көбірек көңіл бөлу.

Мен оразамын деп әлде кімнің жауапты ісіне селқостық танытып, жақын-туысқандарға қолғабыс тигізбеуі, көбірек Құран оқып, уақытты тиімді пайдаланудың орнына артық ұйықы немесе теледидардан футбол көру сияқты алданыш нәрселермен шұғылдануы қасиетті айдың қадіріне жетпегендік. Немесе бұны шайтан Ібілістің: «Сен ыстыққа төзіп ораза ұстап жүрсің, ұйықта, теледидар көре бер» деп азғыруы екенін ұққанымыз жөн. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім сөзі мен ісінде жалғандықтан (алданыштан) тазармаса, Алла үшін деп ішіп-жеуден тыйылудың бір пайдасы жоқ» [2] деген.

Ескерту: Рамазан айында уақытының көбін ұйқы немесе теледидар қарау сынды істермен өткізген кісінің оразасы қабыл болмайды деуден аулақпыз. Айтпақ болғанымыз, сауабы кемитіні немесе ұстаған оразасының қабыл болмай қалуынан сақтану керектігі.

Абдусамад Оқан

kazislam.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3482
0 пікір
Блог туралы