Өмірді жақсы аяқтаудың белгілері
Өмірді жақсы аяқтаудың белгілері

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде пенденің ғұмырын жақсы өткізгеніне дәлел боларлық айқын белгілер көрсетілген. Бұ дүниемен қоштасқан адамнан сол белгілердің біреуі байқалса – оның нығметке бөленгені. Алла тағаладан сондай игілік, қайырлы өмір нәсіп етуін сұраймыз.

1. Өлер алдындағы куәлік

Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кімнің ең соңғы сөзі: «Лә иләһә илләллаһ» болса жаннатқа кіреді», – деп айтқан1.

2. Өлер алдында маңдайынан тер шығуы

Бурәйда ибн әл-Хасиб Хорасанда болған кезінде ауырып жатқан бауырына көңілін сұрап барады. Оның хал аузында жатқанын көреді. Сонда оның маңдайынан тер шығып жатады. Сол кезде ол: «Аллаһу әкбар! Пайғамбардың (с.а.с.): «Мүмін өлгенде маңдайынан тер шығады», – дегенін естіген едім», – депті2.

3. Жұма күні қайтыс болу

Оған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Егер мұсылман жұма күні түнде немесе күндіз өлсе, Алла оны қабір азабынан сақтайды», – деп айтқан сөзі дәлел болады3.

4. Ислам жолында жан тапсыру

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шәһид Алланың алдына барғанда алты түрлі сый-сияпатқа бөленеді: Қаны төгілген сәтте күнәсі кешіріледі, жаннаттағы орны көрсетіледі, қабір азабынан босатылады, үлкен азаптан аман қалады, иманының жемісін көреді, жаннаттағы хор қыздарына үйлендіріледі, туыс-жақындарынан жетпіс адамға шапағатшы болады», – деген4.

Маңдайына соғыста өлу жазылмаса да, жүрегімен, шын ықыласымен сұрағандарға да шәһидтік нығмет беріледі. Оған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кімде-кім Алладан шәһид болуды шын ықыласымен сұраса, ол төсегінде жатып өлсе де Алла оған шәһидтің сауабын береді», – деген хадисі дәлел5.

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім Алла жолында соғысқа шығып өлсе немесе оны біреу өлтірсе ол шәһид болады және осы жорықта атынан не түйесінен жығылып (мойнын үзіп алса да), жылан-жәндіктер шақса да, төсегінде өлсе де яки Алланың қалауымен қандай бір халде өлсе де ол шәһид, ол жаннатқа барады», – деген10.

Алламен үздіксіз байланыста болған адамның өлімі жайлы Сәлманнан жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Соғыста не болмаса мұсылмандарға қиыншылық төнген сәттерде олармен бір күн және бір түн бірге болу бір ай ораза ұстап намазға тұрудан да қайырлы. Егер ол сол мезетте өліп кетсе, оның бұрын істеп жүрген амалдары, құлшылықтары жазылып тұрады, ризығы да көбейе береді және от азабынан аман қалады», – депті11.

5. Оба секілді жұқпалы дерттен өлу

Пайғамбар (с.а.с.): «Жұқпалы ауру – әрбір мұсылманның шәһидтігі», – деген12.

6. Іш аурудан болған өлім

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім іш ауруынан өлсе, ол – шәһид»13; «Шәһидтер бесеу – жұқпалы кеселден, іш ауруынан, сондай-ақ суға кетіп немесе бұзылған нәрсенің астында қалып өлгендер және Алла жолында құрбан болғандар», – деген14.

7. Әйел адамның босанған соң немесе екіқабат кезінде, сондай-ақ адамның кездейсоқ жағдайда өртеніп өлуі және өкпеқаптың қабынуынан көз жұму

Жәбир ибн Атиктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла жолында өлгендерден басқа жеті түрлі жағдайда қайтыс болғандар шәһидтер деп саналады: Жұқпалы аурудан, суға кетіп өлген, өкпе қабынуынан, іш ауруынан, өртенгеннен, бұзылған нәрселер астында қалғандар және ішіндегі баласымен өлген әйел», – депті10.

8. Туберкулезден қайтыс болса

Рашид ибн Хубәйштен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Туберкулез ауруынан өлсе – шәһид», – деген11.

9. Біреуден өзінің мал-мүлкін, қаражатын қорғау үшін қарсылық көрсетіп өлуі, діні мен өзін қорғаған кезде мерт болу

Сағид ибн Зәйттен жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мал-мүлкін, қаражатын тартып алғысы келген адамға қарсы шығып шайқасып өлсе, ол – шәһид, кімде-кім туыстарын қорғап өлсе, ол – шәһид, кімде-кім дінін сақтап қалу үшін күресіп өлсе, ол – шәһид және кімде-кім дұшпаннан қорғанған кезінде өлсе, ол – шәһид», – деген12.

10. Жақсы амал-құлшылық істеу сәтінде болған өлім

Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім өмірінің соңында Алланың дидарын қалап, соңғы сөзінде – «Лә иләһә илләллаһ» деп айтып өлсе, ол жаннатқа кіреді, кімде-кім Алланың дидарын қалап, ораза ұстап жүріп өліп кетсе, ол жаннатқа кіреді және кімде-кім Алланың дидарын қалап, садақа беріп тұрып өліп кетсе ол да жаннатқа кіреді», – деген13. 


1 Әбу Дауд, әл-Хаким.

2 Ахмад, әл-Хаким, әт-Тирмизи.
3 Ахмад, әт-Тирмизи.
4 Ахмад, Ибн Мәжәһ, әт-Тирмизи.
5 Муслим, әл-Бәйһақи.

6 Әбу Дауд, әл-Хаким.

7 Муслим, ән-Нәсәи, Ахмад.
8 Әл-Бұхари, Муслим.
9 Муслим, Ахмад.
10 Әл-Бұхари, Муслим. 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 4278
0 пікір
Блог туралы