Нейлон матасының тарихы
Нейлон матасының тарихы

Жаңа технология нарықта танымал болуы үшін пайдалы зат шығарып қана қоймай, оған деген халық қызығушылығын оята білуі де маңызды. Кей өндіріс компаниялары түрлі қызық тәсіл ойлап табады. Бүгін алғашында әлем қорыққан, кейін мыңдаған әйел адам сатып алу үшін таласқан жасанды мата нейлонның тарихын баяндаймыз. 

Полигексаметиленадипинамид. 1935 жылы DuPont компаниясының зертханасында пайда болған жаңа синтетикалық заттың алғашқы атауы осылай болатын. Атауы әдемі естілгенімен, нарықта матаны бұлай атау тиімсіз еді. Сонымен қатар, оның жұмысшылар арасында "полимер 6-6" деген атауы да болды. Бұл да қолдануға лайық болмады.  

Басында матанының атауы norun болған. Ағылшын тілінен no-run "сызық (стрелка) болмайды" деп аударылады. Бұл атаудан бас тартуға себеп —  матаның тығыз әрі мықты болғанына қарамастан, жыртылу мүмкін екені. Кейін оны керісінше атауды да ұсынған. Бұл да нарықтағы өзге тауар маркаларымен сәйкес болған. Әріптерді ауыстыра отырып, соңғы нұсқа ретінде nylon атауы таңдалды.

 

Нейлонды ресми түрде 1939 жылы Нью-Йорктегі әлемдік көрмеде таныстырды. 1940 жылы нейлон шұлықтарын сатуға шығарды. Жібек матадан жасалған шұлықтарға қарағанда бағасы екі есе қымбат болса да, сұраныс артты. Оларды ерекше, бұрын-соңды болмаған материалдан жасалған тауар ретінде сатқан: біріншіден, оны кию үшін бума жіптің керегі болмады, екіншіден оны "темір сияқты мықты, өрмек секілді жұқа" деп жарнамалады.  

Соған қарамастан нейлонға тұтынушылар сеніммен қарай қоймады. Халық арасында нейлонды өліктердің ыдырауы кезінде бөлінетін кадаверинмен жасалады деген қауесет тараған. Шынымен нейлонды алу үшін кадаверин керек. Бірақ, оны көмірді қыздыру арқылы да алуға болады. Ғалымдар мұны дәлелдеуге тырысқанымен, жаңа матаны қабылдау сол күйі қиын болды.  

Сонда өндіруші компания жарнама стратегиясын өзгерту керегін ұқты. Алдымен DuPont жарнама кезінде нейлонды "көмір, ауа және судан" жасайды деген тұжырымды айқындай түсті. Екіншіден, оның "темірдей мықты" қасиетін қолданыстағы қолайлы қасиетімен алмастырды: "әдемі көрінеді және тез кебеді". Мұндай жарнама тұтынушылардың сенімін оята бастады.

Нарықта жетістік оған 1941 жылы 7 желтоқсанда Жапония Перл-Харборға шабуыл жасап, АҚШ Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан шақта келді. Енді нейлон әскери құрал-жабдық жұмысына кеңінен қолданыла бастады. Одан парашюттер, арқан мен шатыр тікті. Одан ертерек өндірілген шұлықтар бағасы артып, жұбы $20 тұрды.

 

Нейлон шұлықтарынан әскери жабдықтар дайындалды, АҚШ, 1942 жыл.
Дереккөз: National Archives and Records Administration / Office for Emergency Management / Office of War Information

Соғыс аяқталып, қалыпты өмірге келе бастаған шақтың белгісі америкалық әйелдер сонша құмар болған нейлоннан тігілген іш киімдер болатын. Соғыс кезінде бұл іш киімдерді сатып алуға мүмкіндігі болмағаны соншалықты When the Nylons Bloom Again атты ән де жарыққа шыққан.

Соғыс аяқталысымен, DuPont өзінің ірі жарнамалық кампаниясын ұйымдастырды. Оның қағидасы "Рождествоға Нейлон шұлықтарымен бірге". 1945 жылдың қыркүйегінде шұлықтар нарыққа шығады деп күтілді. Компания 360 миллион жұп шұлық өндірді. Бірақ нарықта тауар жетіспеушілігі байқалды. Дүкендер алдында шұлық сатып алуға кезекке тұрған әйелдер саны көбейе берді. Тауардың жетіспеушілігі тіпті компания мүлігіне залал келтірді. Джорджия штаты, Огаста қалашығында бір топ әйел дүкенге басып кіріп, ішінің астаң-кестеңін де шығарған. Басылым бетін әйелдердің төбелесі, кикілжіңі туралы мақалалар жайлап алды. Бұндай "жанжалдар" 1946 жылдың наурыз айында ғана тоқтады. Дәл сол уақыттан бастап нейлон шұлықтары жеткілікті деңгейде өндіріле бастады. 

1950 жылдардың басында DuPont компаниясына деген қоғам қысымның күшеюі басқа компанияларға өндіруге рұқсат алуға мүмкіндік берді. Кейін әлемдік нарықты нейлон жаулап алды. Тек іш киім ғана емес, күрте, плащь, бас киімдер, спорттық киімдер де өндіріле бастады. Нейлон әйел адамдарға арналған киім үлгісіне ерекшелік сыйлаған өндіріс болды.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 жыл бұрын 2002
0 пікір
Блог туралы