Маман кеңесі: күн жылығанда қандай аурудан сақтану керек?
Маман кеңесі: күн жылығанда қандай аурудан сақтану керек?

Қыстың беті қайтып, күн жыли бастады. Бұл – иммунитет әлсіреп, адам ауруға жылдам шалдығатын мезгіл. Көктемде қандай аурулар жиі кездеседі? Олардан қалай сақтану қажет? Иммунитет көтерудің жолы қандай? Baribar.kz бұл сауалдарды терапевт Эльмира Әбсадықоваға қойды. 

Көктемде адам неге тез ауырады?

Көктемде маусым аурулары күшейіп кетеді, ал кей адамның бойындағы созылмалы дерт өрши түседі. Оның себебі мынада: қыстан ағзамыз әлсіреп шығады, себебі жылу сақтауға көп ресурс жұмсаймыз, сондай-ақ жабық банкадағы өнім, сүрленген ет сияқты ұзақ уақыт сақтауға болатын, алайда қажет витамин көлемін толық қамтамасыз ете алмайтын тағам жейміз. Бұдан бөлек күннің көзі жылт етсе, жеңіл киініп, иммун жүйеміздің дайындалып үлгермегеніне қарамастан жылы мезгілге жетуге асығамыз.

Дегенмен көктемде көп таралатын ауруды жұқтыруды, оның қозуын азайтуға болады. Ол үшін, әрине, шара қолдану керек. Күн жыли бере сатылымға түскен жеміс пен көкөністі жеу қажет. Қыс бойы азық болған банкадағы салаттарды ығыстыратын уақыт жетті. Оның орнына шалғам (редиска), аскөк, ақжелкен (петрушка), қияр пайдаланып, организмдегі витамин мөлшерін дереу қалпына келтіруге тырысқан жөн. Орамжапырақтан салат жасауға да асығыңыз.

Организмдегі жасушаның көбейіп, қалпына келуі үшін қажет ақуызды қыста сүрленген еттен алуға болады. Ал күн жылыған соң көкөніске көшкен дұрыс. Осы мақсатта асбұршақ, атбас бұршақ, жасымық (чечевица), арпа жармасы, тары, ноқат (нут) тұтынуға болады.

Көктемде қандай ауру жиі кездеседі?

Біраз адамның асқазан, ішек жолдарындағы кесел асқынатын кез – осы мезгіл. Мәселен, созылмалы гастритпен ауыратын, асқазан жарасы бар адамдар қиналуы мүмкін. Оның көп себебі бар. Мысалы, жаңа піскен көкөніс немесе жемісті аш қарынға жесе, бұл әлгі ауруды ушықтыра түседі. Болмаса, қыс бойы мөлшерден көп тамақ жеудің салдары көктем бастала білініп жатады.

Қыстан шаршап шыққанда, жүйке жүйесі аурулары көбірек кездеседі. Ондай кезде магний препараттарын қолданған абзал. Оны дәрігер нұсқауынсыз, өз бетімен іше беруге болады.

Иллюстрация: Dribbble.com©MUTI

Тұмау сияқты жоғарғы тыныс жолдарының асқынуы да көктемде жиі кездеседі. Адамдар күн жылыды деп жұқа киініп, суық тигізгеннен мұндай ауруға шалдығады. Сондықтан алдамшы ауа райына сеніп, үйден бас киімсіз немесе жалғыз жеңіл күртемен шығуға болмайды. Дем арасында жаңбыр жауып кетуі мүмкін, ойда жоқта күн суиды. Суық тигізу асқынса, ол синусит, гайморитке ұласады. Аяқтан сыз өту, ұзақ уақыт жаурап қалу кесірінен төменгі несепағар жүйесі аурулары – цистит, пиелонефрит аурулары жиі кездеседі.

Аллергияны да айтпау мүмкін емес. Жұрт көк шықты деп қуанса, шөпке аллергиясы бар адамның мұрнынан су ағып, бітеледі немесе көзі қышып, жасаурай береді. Бұлай мазаланбас үшін сырттан кіргенде бастан-аяқ шәйініп алу керек. Күнде шомылу денеге, шашқа, мұрын қуысына шөптен түскен аллергендердің әрі қарай организмге енуіне жол бермейді. Күнделікті душқа түсу аллергияның пайда болуын, асқынуын азайтады.

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Жоғарыда айтқанымыздай, қыстан шыққан адамның иммунитеті әлсірейді. Организмде витамин жетіспесе, яғни авитаминоз пайда болса, адам шаршап жүреді, ұйқышыл келеді, шашы түсіп, тырнағы сынғыш болады, терісі құрғап кетеді. Мұндай жағдайда анализ тапсыруға кеңес беріледі. Жалпы қан анализінің өзі дәрігерге пациенттің жағдайы туралы өте көп мағлұмат береді.

Қыста күн сәулесі аз түскендіктен көбіне D витамині азаяды. Оның мөлшері төмен болса, иммунитет әлсірейді, бойдағы кальций мөлшері төмендейді. Көктемде өзін әлсіз сезініп жүрген жанға осы витамин мөлшерін анықтайтын анализ тапсырып, дәрумен қабылдаған жөн. Алайда шектен аспау керек, себебі организмде D витамині көп болып кетсе, бүйректе тас пайда болуы мүмкін. Әрине, анализ тапсырмай-ақ, D витаминінің 1000 Е дозасын ішуге болады. Дегенмен организмде витамин жетіспей, оның аз дозасын қабылдау да нәтиже бермейді. Дұрысы – анализ тапсыру.

Иммунитетті жақсарту үшін күн режимін сақтау, диета, психо-эмоциялық тыныштық керек. Бойға энергия алу үшін бір уақытта ұйықтап, бір уақытта ояну қажет. Тамақ та өз уағында болғаны дұрыс. Түскі ас іше алмай қалса, гамбургер, чизбургер сияқты жылдам дайындалатын тағам жегеннен гөрі қалтаға бір уыс грек жаңғағын немесе құрма, мейіз, кептірілген өрік салып жүргені абзал. Мұндай құрғақ жемістер сол күні қажет витаминді бере алады. Ыстық тамақтың да орны бөлек екенін ұмытпаған жөн.

Иллюстрация: Dribbble.com©DewApples

Иммунитетті көтеру үшін итмұрын шәйін ішуге кеңес беріледі. Оны да қайната сала ішпей, 10 минуттай суытып, шамамен 80 градус кезінде тұтыныңыз. Итмұрынды бүтіндей қайнатпай, майдалап, термосқа 6-7 сағат демдеп қойып, жарты стақанмен ішіп отыруға да болады. 80 градус ыстықтағы 1 литр суға 4-5 дана итмұрын салып, суын жарты стақанмен өлшеп, күніне үш рет ішіп тұрса, С витаминін табиғи жолмен алуға болады.

Саумал да иммунитет көтереді. Оны табуға мүмкіндік болмаса, сублимация әдісімен құрғатылған саумалдың капсуласын, ұнтағын ішуге болады. Күніне бір стақаннан үш рет ішкен дұрыс.

Көп ауру күйзелістен, стрестен пайда болады. Сондықтан көңіл-күйге көбірек мән берген дұрыс. Қуанып, күліп жүрген адам біраз ауруды жеңе алады.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 жыл бұрын 1394
0 пікір
Блог туралы