Жұмыс іздегенде көпшілік жіберетін 5 қателік
Жұмыс іздегенде көпшілік жіберетін 5 қателік

Жаңа жұмыс іздеу – қиын, кей жағдайда ұзаққа созылатын үдеріс. Ол жұмыс іздеушінің қалтасына ғана емес, сапалық деңгейі мен сенімнің күшіне кері әсер етуі мүмкін. Он шақты түйіндеме жібердіңіз, бірнеше сұхбаттасуды артта қалдырдыңыз, бірақ нәтиже әлі де жоқ. Бұл жағдайда кінәлауға болатын жағдаяттар көп. Мысалы, экономикалық тұрақсыздықты, үлкен бәсекелестік пен тікелей жұмыс берушілерден ұсыныстардың болмауын алға тартуға болады. Дегенмен, мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндіктер мен іс-әрекеттеріңізді тағы бір сараптап, артықшылығыңыз бен кемшілігіңізді біліп алғаныңыз жөн. Осы ретте жұмыс іздеушілер тарапынан жиі жіберілетін 5 қателік бар. Солармен таныс болыңыздар.

  1. Стратегияның жоқтығы

Жұмыс іздеушілердің көпшілігі өзінің стандартты түйіндемесін 2-3 әлеуметтік порталға жариялайды, көмегі болар деп оны таныстарына жібереді. Сіздің кәсіби салаңыздағы таныстықтар, әрине пайдалы, дегенмен оның өзі жеткіліксіз. Қандай да бір мақсатқа жету үшін өзіңізді жұмыс істегіңіз келген бірнеше компанияларға ұсыныңыз. Тіпті, ол жерде вакансия ашық болмаса да берілмеңіз. Түйіндемеге қосымша ұсыныс хат сынды пайдалы мәліметтерді қосар болсаңыз, ол сіздің жұмысқа деген талпынысыңыздың жоғары екендігін көрсетеді.

  1. Нашар түйіндеме

Маңызды емес болып көрінгенімен, нашар құрылған түйіндеме сіздің армандаған жұмысыңызға кедергі болуы әбден мүмкін. Белгілі бір жұмысқа өзіңізді ұсынбас бұрын барлық құжаттарға кемінде 2 сағат уақытыңызды жұмсаңыз. Ол жердегі кілттік сөздерге назар аударып, кәсіпорынға пайда әкелетін өзіңіздің басты артықшылықтарыңызды көрсетуге асығыңыз.

  1. Селқостық

Сіз өзіңіздің түйіндемеңізді бірнеше кәсіпорынға жібердіңіз және қоңырауды күтіп отырсыз. Бірақ сіз қанша мықты маман болсаңыз да, сізден басқа да ол орынға үміт артып отырған бірнеше адам бар екенін ұмытпаңыз. Сондықтан ынта-ықыласыңызды өз қолыңызға алып, басшылыққа қайта қоңырау шалыңыз. Олар сіздің түйіндемеңізді алды ма, сол туралы сұрап біліңіз. Өзіңіз туралы еске салып отырыңыз.

  1. Негізсіз менмендік

Кез келген сұхбаттасу кезінде «Сіз қандай айлыққа үміттенесіз?» деген сұрақ қойылады. Әрине, бірнеше жылдық тәжірибесі бар және сол саладағы айтарлықтай жетістіктері бар маман өзіне қажетті жоғары жалақы туралы айтар болса, оның орны бөлек. Дегенмен, әлі өзінің қабілетін айта алмайтын, болашаққа ешқандай жоспар құруға сенімі жоқ маман жоғары жалақыны сұрайтын болса, жұмыс берушілер оның сөзін негізсіз менмендік санайды. Ондай жағдайда жұмыс орнын сіз емес, басқа кандидат иемденеді.

  1. Тым көп сөйлеу

Сұхбаттасу кезінде сенімге кіру үшін артық әңгіме айтпаңыз. Кадр таңдаушы мамандардың көзінше жеке өміріңіз, балаларыңыздың мектептегі қиындықтары туралы сөз қозғаудан аулақ болыңыз. Оған қоса саяси және діни тақырыптарға қатысты мәселелерді ортаға салудың қажеті жоқ. Бірінші сұхбаттасу кезінде сіздің атқаратын міндеттеріңізге қатысы жоқ сұрақтар қоймаңыз. Бұрынғы әріптестеріңіз бен басшылығыңыз туралы жағымсыз жайттарды айтудан сақтаныңыз. Сіздің салаңызға қатысы жоқ болашақ жоспарыңызбен бөлісудің өзі де артық.

Егер сіздің талпынысыңызға қарамастан сұхбаттасудан өтпей қалсаңыз, мойымай алға қарай талпыныңыз. Тіпті, кадр таңдаушыға барып, сізді неліктен таңдамағанын сұрасаңыз болады. Әрине, сізге оны тыңдау ұнамайтын болар, бірақ дәл сол айтылған сын пікірлер сіздің болашақтағы іс-әрекетіңізге пайдасын тигізетіндігі анық.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
6 жыл бұрын 3044
0 пікір
Блог туралы