ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН ЖАНУАРЛАР
Тилацин қалталы қасқыр

Бұл жануар жартылай жолбарысқа, жартылай қасқырға ұқсайды.Бойы 60 см, ал ұзындығы  180 см-ге дейін жететін болған. Тилацин қалталы қасқырының тұқымы ең соңғы рет Тасманиядан кездестірген. Алайда, аңшылардың бұл жануардың терісіне қызығып жаппай атуының кесірінен бүгінгі күні Тилацин қалталы қасқыры жер бетінен жойылып кеткен. Бұл жануардың ең соңғы тұқымын 1936 жылы өлген.

 

Мексикалық гризли

Гризли Солтүстік Америка мен Канаданы ғана мекен етпеген. Бұл алапат жыртқыш Мексика елінде де болған. Мексикалық гризли өзге аюлардан ірілігімен ерекшеленеді. Еуропада мексикалық гризлидің терісі өте жоғары бағаланғандықтан, аңшылар бұл жануарды аулап, күнкөріс көзіне айналдырған. Сондықтан алпысыншы жылдардың ортасында бұл жануар толығымен жойылып кетті.

 

Тарпан

Тарпан немесе Еуразиялық жабайы жылқы — Ресей, Батыс Сібір, Қазақстанды мекен еткен. Олардың бойлары 136 см-ге, ұзындығы 150 см-ге дейін жететін болған. Тарпандар жабайы жануар болғандықтан олардың тұяқтары өте төзімді болған. Мұндай жануарды өз отарыңа айдап алып келу — ер жігіттің абыройын асырған. Онымен қоса тарпанның еті өте дәмді болған.  1884 жылы Мәскеу хайуанаттар бағында соңғы тарпанның өлгені туралы хабарланды. 

 

Каспий жолбарысы

Каспий жолбарысы Орталық Азияның ормандарында, Балхаш көлін мекендеген. Олар ең үлкен жолбарыс болып саналады. Салмағы 240 келіден астам Каспий жолбарысы күніне жүз километр жол жүре алатын болған. Жолбарыс деп әрқашан жолда жүретіндігіне қарап аталып кеткен деген пікір де бар. Каспий жолбарысының соңғысы Түркияның Хаккари ауылында өлтірілген.  Бұл жануардың ДНҚ-сын тексерген кезде оның Амур жолбарысына ұқсастығы анықталған. Демек, болашақта олардың  түрін қайта жандандыруға мүмкіндік бар.    

 

Қытай өзен дельфині

1918 жылы Қытайдың  Дунтин өзенінен дельфиннің ерекше түрі табылды.  Бұл өзенде мекен ететін жалғыз дельфин түрі. Олардың салмағы 160 келіге дейін жететін болған. Экологияның ластануы Қытай дельфиндерінің жойылуына алып келді. Бүгінгі таңда ғалымдар дельфиннің бұл түрін қайта жандандыру жұмысымен айналысуда.


Алмас САУДАНБАЙ

EL.KZ

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 13345
0 пікір
Блог туралы