Жент әзірлеудің сіз білмейтін тәсілі
Жент әзірлеудің сіз білмейтін тәсілі

Жент – қазақ халқының дәруменге бай ұлттық тағамдарының бірі. Оны дайындаудың бірнеше тәсілі бар. Жент әзірлеудің қыр-сырын Baq.kz тілшісі технолог Серікгүл Бабахұмар мен көпбалалы ана Балзия Қылымбаевадан білген еді.

Жент әзірлеу – көп уақыт пен шеберлікті талап ететін процесс. Бұл тағам «қазақ шоколады» деген атауға да ие.

«Жент әзірлеу үшін ең алдымен сары ірімшік пісіріп аламыз. Оны әбден кептіріп, үккіштен өткіземіз. Одан кейін жылқының майын ерітіп, ұсақталған сары ірімшікті қосамыз. Жентке тары да салуға болады. Тарыны ең алдымен суға пісіріп, одан кейін майға қуырамыз, келіге салып, түйеміз. Әр адам өз талғамына қарай жентке түрлі қоспалары сала алады. Мәселен мен сары ірімшік, тары, мейіз, қант, сорпаның бетінен алынған жылқы майы тіпті печенье де қосамын. Өте тойымды болып шығады. Әсіресе, балалар сүйсініп жейді», – дейді технолог Серікгүл Бабахұмар.

Жент ұзақ уақыт бойы бұзылмайды. Дәмі мен құрамындағы дәрумендері сол қалпында сақталады. Қанық түсі кез-келген дастарханның сәнін келтіреді.

«Мен 5 баланың анасымын. Дүкеннен сатып алғаннан гөрі, үйде әзірленген тағам әлдеқайда пайдалы. Отбасылық бюджетті үнемдеу жағынан да тиімді деп ойлаймын. Үйде жентті жиі пісіреміз. Алдымен ірімшік ірітемін, оны сары суынан айырып, ірімшік қына сары түске айналғанша қазанда қаримын. Одан кейін кептіріп, үгітемін. Одан кейін қоспаға ерітілген сары май, мейіз, қант пен үсақталған жержаңғақ қосамын. Жақсылап араластырып, 1-2 сағатқа салқын жерге қою қажет. Жент осымен дайын болады», – көпбалалы ана Балзия Қылымбаева.

Қазақ халқына құрамына қарай: қазыжент, майжент, сүтжент деп іріктелетін бірнеше түрі бар. Соның ішінде, көп таралғаны – майжент болып табылады.

Фото автордікі

Эльмира КӘЛЕНОВА

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 5522
0 пікір
Блог туралы