"Жасыл сия құпиясы": қателікті көрсете бергеннен, балаңыз түзелмейді
"Жасыл сия құпиясы": қателікті көрсете бергеннен, балаңыз түзелмейді

Қызыл,сары, ақ,т.б түстердің адам өміріне әсері ерекше. Бағдаршамды алып қарасақ, сары,жасыл,қызыл түстен тұрады. Қызыл – міндетті түрде тоқтауың керек дегенді білдірсе, сары тоқтауға дайындалуыңды, ал жасыл түс еркін екеніңізді білдіреді. Машина жолағында ғана емес, өмір жолыңызда да түстер айрықша орын алады. Бұл жайында adyrna.kz порталы дайындаған материалды назарларыңызға ұсынамыз.

Қазіргі таңда, психологтар адам ең алдымен бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керектігін үнемі еске салады. Бірі «баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» десе, бірі «балаға қателесуді үйрету қажет» дейді.

Бала тәрбиесі ауқымды тақырып. Тек әр ата-ана өз қалауымен баланы дүниеге әкелген соң, «Алланың берген аманатына қиянат жасамай, «тұлға» болуына дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беруім керек» деген жауапкершілікті ала білуі керек.

Кейбір ата-ана баланы өз жекеменшігі ретінде бағалайды. Алайда, оның да кейін өз өмірі, өз бала-шағасы болатынын ұмытып кетеміз. Кейін кішігірім жіберілген қателіктердің кесірінен үлкен кедергілерге тап болады.

Кішігірім қателіктердің ішіне не нәрсе кіреді?

Таңдау құқығын бермеу

Жетістігіне қуанып, жеңілісіне ұрсу

Жауапкершілік артпау, сенім білдірмеу

Рухани қалауына қарсы тұру

«Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы, психолог маман Сейілбек Мырзабай проблемалы балаларды ата-аналар өздері шығарады дейді.

«Балаларды зерттеп отырып байқағаным, проблеманы кейбір ата-аналар өздері тудырады. Олар баланың рухани болмысын көрмейді. Шолақ көзқарастары баланың дамуына кері әсерін тигізеді. Рухани болмысы оянбаған бала өскесін ата-анасымен көп конфликтіге келеді»,- деді Сейілбек Мырзабай.

Баладан көрі, ата-анамен жұмыс істеу қиынырақ екенін жеткізген психолог ата-аналар қателікті тез түсінсе, көп проблема әсте шешілетінін жеткізді.

Осы орайда баланың білімге зейінін ашуды, қателіктен қорықпауды, жеңілістің жеңістен де биік екенін ұғындыратын «Жасыл сия» әдісі туралы баяндайық.

«Жасыл сия» әдісін балаларды тәрбиелеу бойынша блог жүргізуші Татьяна Иваненко өз қызына сабақ үйрету барысында қолданған.

«Жасыл сия» құпиясы

Әдетте бала 1-сыныпқа барарда ата-ана қатты қобалжитыны рас. Үй тапсырмасын орындайтын дәптердегі қызыл сияны көрген сайын балаға ұрсып, қателігін көрсете береміз.

Оқушының қызыл сиядан қорыққаны соншалық, жазған әріпі одан бетер қисайып, нашарлайды. Көрдіңіз бе? Мәселе қайда жатыр...

Иваненко қызыл сияны жасыл сияға ауыстырып, баланың қате жазған жерлерін емес, ең әдемі деген тұстарын жасыл қаламмен қоршап, мақтау сөзді асыра айтады. Бала шабыттанып, әдемі жазылған дүниені дәл солай қайта жазғысы келеді.

Тәсілдегі айырмашылық

Қызыл сиямен жазылса, бала алдымен қателіктерді көріп, түзу жазылған әріптерді тіптен елемейді. Осы жерден шығатын қорытынды:

-біз қаласақ та, қаламасақ та, түпсанамызда бізге алғаш асты сызылып көрсетілген дүние мәңгіге сақталып қалады.

Егер балаға жақсысын ерекшелеп көрсетсек, зейіні оянар еді. Ал жаманын айтып, «түзе!» десек, керісінше қанағатсыздық, өз-өзіне сенімсіздік күйі артады.

Қызыл жолдан қалай құтқарамыз?

«Жасыл сия» әдісі тек қана сабақ орындағанда ғана емес, барлық баламен туындаған мәселеде қолданған жөн. Кез-келген мәселенің қайырын ойлап, әр қиындықтың бір жақсылығы болатынына сенімін арттырады.

Бағдаршамның қызыл түсіндегідей түсінік балада қалыптаспау үшін еркіндіктің ебін үйрету қажет.

«Жасыл сия» әдісін қалай қабылдаймыз?

Өз ашуыңызды, ренішіңізді балаға бірден көрсетпеңіз. Оның «былай істегісі келмегенін» түсіну өте маңызды әрекет.

Егер бір ағаттық жіберсе «үнемі осындайсың, неге түзелмейсің?» дегеннен көрі олай істеуіне не түрткі болғанын біліңіз. Баланың ойын біліп сөйлету арқылы, сіз оның қызығушылығын оятасыз.

Бала – жұмыс

Қатені ескерту, жазалау немесе жетістігін мақтау әрқайсысы әр түрлі назарды қажет ететін дүниелер.

Бір жағынан негативке мән бермеу керек, ал екінші жағынан «неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы» деген қағиданы басшылыққа алып, баланы оңды солды әр басқан қадамына қарай мақтауға болмайды.

«Ойын психотерапиясы» қауымдастығының президенті, тәжірибелі психолог Елена Пиотровская мақтау сөздер дәйексіз һәм қызықсыз болмауы керек деп санайды. Мадақтаудың да өз әдісі бар. Белгілі бір даму жолына жетелейтін сөздерді қолдану қажет.

Мысалы, балаңыз ән сабағынан бес алды делік. Үйге келіп сізге қуанышы қойнына симай, жаңалығымен бөлісіп жатыр. Жай ғана «жарайсың!» деген сөзден көрі «маған әніңді айтып берші, қандай ән орындадың?, Бұл ән не туралы? Дауысың орындаған әніңе өте сай екен» деп одан әрі қызығушылық танытып мақтасақ, баланың алған сол бір бағасы әрі қарай өмірін өзгертуі мүмкін.

«Ең қорқыныштысы, балаға тек «жарайсың» деп айта берсек, өскенде оның өзіне деген сенімділігі жоғалады. «Біреу мені мақтаса екен» деген үмітпен ғана жүретін болады»,-дейді Елена Пиотровская.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 жыл бұрын 1988
0 пікір
Блог туралы