Жасанды қол Қазақстанда да жасалады
Жасанды қол Қазақстанда да жасалады

Аяқ-қолы жоқ, мүмкіндігі шектеулі адамдарды көргенде, аяушылықпен қараймыз. Əрі кеткенде, «олар да біз сияқты толыққанды өмір сүрсе ғой» дейміз де қоямыз. Адамға өзінікіндей болмаса да, содан еш кем емес қол-аяқ жасап беру тек дамыған елдерде ғана мүмкін секілді көреміз. 22 жасар Мəулен Бектұрғанов біздің бұл ойымызды жоққа шығарды. Енді жасанды қол жасатқысы келетін ІІІ топтағы мүгедектер шетелге бармай-ақ, отандық бионикалық протез-қолдың иесі атана алады. Бағасы да қолжетімді. Компания жасанды қолға кепілдік береді.

Мəулен Бектұрғанов Mbionics компаниясының негізін қалаған. Бұл  компания бионикалық протездер шығарумен айналысады. «Болашақта бионикалық аяқ пен көз қарашығын жасау да жоспарда бар», – дейді жас өнертапқыш.

Отандық өнімнің ерекшелігі неде? Бағасы қанша? Жасанды қол ойлап табуына не түрткі болды? Жауабын Мəуленнің өзінен сұрап көрдік.

«Ұланның» анықтамасы:
Аты-жөні: Мəулен Бектұрғанов
Туған жылы: 22.08.1994 жыл
Туған жері: Өскемен қаласы
Оқыған мектебі: Жəутіков атындағы физика-математика мектебі
Бітірген оқу орны: Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті

 

«БӘЛЕНІҢ БӘРІ МАТЕМАТИКАДАН БАСТАЛДЫ»

Ұлан: Ғылымға қызығушылық қалай басталды?

Мəулен Бектұрғанов: Бəленің бəрі математикадан басталды (күліп). Мектепте оқушыларды екі топқа бөледі ғой. Бірі математикаға қызығушылығы бар оқушылар болса, екіншісі – тілге икемі бар оқушылар. Менің қабілетім математика саласына жақсы болды. Қазір журналистерге сұхбат беру үшін сөйлеп үйреніп жүрмін (күліп).

Тоғызыншы сыныптан бастап О.Жəутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде оқыдым. Математикамен қоса, бағдарламалау олимпиадаларына қатысатынмын. Əр қалада «Дарын» орталықтары жұмыс істейді. Жазғы демалысым сонда өтетін. Əртүрлі қалалардан келген білімді балалармен неше түрлі идеяларды айтып, жиі армандайтынбыз. Осылайша, арманымды ақиқатқа айналдырамын деп жүріп жақсы нəрселерге қол жеткіздім.

Ұлан: Жасанды қол жасап шығару туралы идея қашан туындады?

Мəулен Бектұрғанов: Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға түскеннен кейін ғылыммен айналысуға көп мүмкіндік туындады. Заманауи технологиялармен жабдықталған зертхана қоластымызда болды. Ең алғаш жасанды қолдың нұсқасын 2015 жылы көрдім. Бір көргеннен ғашық болдым (күлді). Біз соңғы жаңалықтардың бəрі тек АҚШ-та бар деп ойлаймыз. Бұл қате пікір. Тіпті, АҚШ-тың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды. Əлемде жасанды қол шығаратын елдер өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны оншақты компания жұмыс істейді. Сондықтан, мені осы сала қатты қызықтырды. Алайда, шетелге шығып оқуға, үйренуге мүмкіндік болмады. Ғаламтор арқылы, тəжірибе арқылы үйрендім. Екі жыл бойы жасаған жобамның нəтижесінде MBionics компаниясы құрылды. Қазір қазақстандық нарықта атымызды қалыптастырып жатырмыз. Сұраныс күн санап артып келеді.

Ұлан: Бионикалық қолдың бағасы қандай? Қарапайым тұрғындарға қолжетімді ме?

Мəулен Бектұрғанов: Алғашында бионикалық протез жасай бастағанымда «əлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың?» дейтіндер болды. Біздің қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алуға мəжбүр. Көпшілігінің қалтасы көтере бермейді. Оны іздеп табуға да мүмкіндіктері аз. Сондықтан, мен қолжетімді бағада отандық өнімдер шығаруға бел будым.

Нақты осынша болады деген баға жоқ. Алғашында жасанды қолды тəжірибеден өткізу үшін тегін жасап бергенмін. Баланың ата-анасы менің жобам туралы естіп, хабарласқан соң жасап бердім. Жасанды қол əрбір адамға жеке дайындалады. Себебі, қолдың зақымдануы мен сезімталдығы əртүрлі болады. Бағасы да соған қарай белгіленеді.

Ұлан: Сіз жасайтын бионикалық жасанды қол қандай функцияларды атқара алады?

Мəулен Бектұрғанов: Қазір автоматты түрде басқарылатын жасанды қолдың жобасын жасап жатырмын. Себебі, бұрынғы протездерде 20 шақты функция болатын. Оларды ауыстыру жəне басқару өте көп уақыт алады. Бионикалық қол сенсор арқылы басқарылады. Жасанды қолдың көмегімен қолды ашып-жұмуға, білекті қозғалтуға, компьютер тышқанын басқаруға, күнделікті тұрмысқа қажет құралдарды ұстауға болады. Адамның табиғи қолы атқаратын қызметтің ең маңыздыларын атқара алады.

Ұлан: Мақсатқа жетудің құпиясы қандай? Сіздің жетістігіңіздің формуласы қандай?

Мəулен Бектұрғанов: Əр саланың, əр адамның формуласы əртүрлі болады. Маған қол жеткізген жетістігім емес, соған жету жолында атқарылған жұмыстарым қызықты. Адам алдына үлкен мақсат қояды. Соған қол жеткізген соң əрі қарай қайда барарын білмей қалады. Миллионерлердің көпшілігінің өмір тарихын қарасаңыз, осыны байқайсыз. Сондықтан, мақсат неғұрлым биік болған сайын, құлшыныс та, күнделікті процесс те соғұрлым қызықты болады. Оңай келген нəрсенің қадірі болмайды. Жастарға айтарым – жұмыс процесінен лəззат алуға тырысу керек. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана жетістікке жете алады.

Ұлан: Қоғамда қандай мəселе алаңдатады?

Мəулен Бектұрғанов: Еркін ойлауға, еркін армандауға қысылатынымыз ұнамайды. Кеңес Одағы кезінде біздің ата-аналарымыз бен ата-əжелеріміз айналасына белгілі бір көзқарас бойынша ғана қарауға мəжбүр болды. Ал қазір тəуелсіз Қазақстан жастарының ойы мен қиялы, пікіріне шек қойылмайды. Қоғамда көпшілік батыс мəдениетіне еліктеушілікті қате деп таниды. Алайда, əр нəрсенің жақсы тұстары болатынын ұмытпаған жөн. Еуропада адамдар еркін ойлайды, адамның мүмкіндігін шексіз деп бағалайды. Осының арқасында олардың экономикасы да, əлеуеті де қарыштап дамуда. Бізге де еркіндік қажет. Ой еркіндігі, пікір еркіндігі. Ешнəрседен қысылмау керек. Бізде мектепте үлгілі оқушы болу керек, университетке грантқа түсу керек, кейін тұрақты жұмысқа орналасып, зейнетке шығу керек деген циклді əрекеттер əдетке айналған. Меніңше, жастарды бұл менталитеттен құтқару керек.

Ұлан: Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Дана МАРАТОВА
«Ұлан» газеті, №30
25 шілде, 2017

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3089
0 пікір
Блог туралы