9 желтоқсан күні Илон Масктің SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесін сынады. Адамзатты Марсқа апаруы тиіс кеменің прототипі саналатын SN8 ғарыш кемесі қайта қонған сәтте жарылып кетті. Ал Илон Маск болса, сынақтың сәтті болғанын, өздері күткен мәліметтерді алуға көп мүмкіндік бергенін жазып, әріптестерін құттықтады. Дегенмен SpaceX Starship SN8 ғарыш кемесінің 12,5 шақырымдық биікке «секіруі» ғарыш саласындағы жаңалықтардың басы да, соңы да емес. Әрі ХХІ ғасырда ғарыштағы бәсекелестіктің қыза түскенін анық көрсетті.
ҒАРЫШҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢАЛЫҚ КӨП
Негізі, желтоқсанның алғашқы күндері ғарышты зерттеу саласында жаңалықтар аз болмады. Рет-ретімен айтар болсақ, алдымен 1 желтоқсанда Пуэрто-Рикодағы «Аресибо» радиотелескобы қирады. 1963 жылдан бері жұмыс істеген радиотелескоп ақыры уақыттың сынына төтеп бере алмаған тәрізді. Алдымен телескоп бетіндегі 820 тонналық радиотолқын қабылдаушыны ұстап тұрған темір арқандардың біреуі үзілді. Ал кейін 1 желтоқсанда негізгі арқан үзілді де, телескоп қирады.
Телескоптың істен шығуына ПуртоРиконы шарпыған «Исайя» тайфуны әсер еткен еді. Алғашқы арқанды үзіп кеткен сол дауыл болатын. Алайда радиотелескоптың қирауы ғарыш тағы бәсекелестікті, дәлірек айтқанда ғарышты игерудегі жарысты тоқтата алмаған тәрізді. Қазір ғарыш зерттеу ісіне қатысып жатқан мемлекеттердің қарасы өсіп келеді. Әсіресе, АҚШ, Қытай және Жапонияның қарқыны қатты. Олардан Еуроодақ та қалыспауда. Үндістан, Израиль, БАӘ тәрізді елдердің де ғарышты зерттеу ісіне кәдімгідей атсалысып, жарысқа қосыла бастағаны байқалады. Мәселен, Қытай мемлекеті 1 желтоқсанда Chang’e-5 модулін Ай бетіне қондырды. Қытайлар Айға ғарыш аппараттарын бұрын да қондырған. Бірақ осы жолы модуль Ай бетін бұрғылап, 2 метр тереңдіктен топырақ үлгісін алды. Ал жапондар 2014 жылы ұшырған Хаябуса-2 аппараты шамамен 340 млн шақырым қашықтықта ұшып жүрген Рюгу астероидынан топырақ үлгісін алып, ол салынған капсуланы Жер бетіне тастады да, өзі сапарын әрі қарай жалғастыруға кетті. Ол 2026 жылы 2001 CC21 астероидына, 2031 жылы 1998 KY26 астероидына жетеді. Ал Аустралия жеріне түскен капсуланы Жапония ғарыш агенттігі – JAXA мамандары алып кеткен. Сөйтіп, адамзат баласы алғаш рет астероидтың топырағын зерттеуге мүмкіндік алып отыр. Ал European Space Agency болса, Clear Space компаниясымен 86 млн долларға келісім жасап, Орбитаны ғарыш қоқысынан тазалау үшін тәжірибе жасамаққа бекінді. Одан бұрын Марсқа БАӘ арнайы зонд жіберген болатын. Ал Илон Масктің SpaceX компаниясының Starship SN8 ғарыш кемесін 12,5 шақырым биіктікке дейін ұшырып, Raptor қозғалтқыштарын ғана емес, тұтас прототипті сынап көргеніне бірер күн болды. Қысқасы, ғарышқа қатысты жаңалық көп.
ҚЫТАЙ АҚШ-ТЫ ҚУЫП ЖЕТКІСІ КЕЛЕДІ
Әрине, ғарыш зерттеулерін тек ғылым үшін істеліп жатқан жұмыс деуге келмейтін тәрізді. Сала әу бастан-ақ кімнің мықты екенін анықтауға қызмет еткені бар. КСРО алғашқы болып ғарышқа адам ұшырса, АҚШ Айға адамзат баласын қондырған бірінші ел еді. Кейін «жұлдызды соғыс» жайлы да әңгімелер тараған. Енді бұл бәйгеге Қытай араласып, КСРО мұрагері саналған Ресей аутсайдер болудың аз-ақ алдында тұр. Ай бетінен топырақ алған қытайлық аппарат онда елдің туын тігіп қойды. Сөйтіп, Айда туы сақталған елдердің қатарына кірді. Қытайдың ғарыш саласындағы белсенділігі мұнымен шектелмейді. Марсқа аттанған Tianwen-1 миссиясы ғаламшардан тіршілік белгілерін іздейді-мыс. Дегенмен Қытайдың ғарышты жедел зерттеп жатуы АҚШ пен жарыстан бөлек мақсат көздеуі де мүмкін. Шамасы, шығыстағы көршіміз америкалықтардың ғарыштағы құпияларын анықтауға, тіпті ғарышты әскери мақсат үшін пайдалануға бекінген сыңайлы. Қытайдың жасанды жер серігін атып түсіргеніне де 13 жыл болды. Ал АҚШ-тың X-37B ғарыш кемесінің Жер орбитасына қандай мақсатпен ұшырылатынын ешкім білмейді. Әйтеуір, 2010 жылдан бері осынау кеме 6 рет ғарышқа ұшты. Ресми Бейжің АҚШ-тың осы құпия әрекетінен сескеніп, ғарышты әскери мақсат үшін де пайдалануды көздеуі мүмкін. «Жарысқың келді ме, ендеше көріп алайық» дейтін сыңайлы. Сондықтан соңғы жылдары тым белсенді жүріп жатқан «ғарыштағы жарыстың» астарында саяси, әскери және экономикалық мүдде тұр-ау деп шамалаймыз. Әйтпесе, ғарыш дегеніңіз арзан сала емес. Алыстағы Ай мен Марсқа асықпай-ақ Жер орбитасындағы құрылғылар арқылы табыс табуға болады. Адамзат тіршілігіне қажетті ақпараттарды Жер төңірегіндегі аппараттар да бере алады. Жерді зондтау, ауа райы мен климаттың өзгерістерін бақылау, кен іздеу, барлау жасау тәрізді шаруаларды жасанды жер серіктері де атқарып жүр. Бірақ алыптар Ай мен Марс үшін жарыс бастады.
КӨЗДЕГЕНДЕРІ ГЕЛИЙ-3 ПА?
Негізі, ғарышты зерттеудің әскери, саяси астарымен қатар экономикалық мүдденің де салмағы басым деп топшылауға негіз бар. Айталық, Марс тақырыбы ғарышты зерттеу ісіне миллиардтаған доллар жеке инвестиция тартуға себеп болды. Тіпті, 2030 жылға қарай ғарыш индустриясының қаржы айналымы 1,4 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Ал жеке инвестициялар көлемі қазірдің өзінде артып келеді. Біз білетін SpaceX, Blue Origin, Rocketlab компанияларынан бөлек, қытайлық, үндістандық жеке компаниялар да ғарыш саласындағы бәсекеге қатты араласа бастаған. Әрине, арзан интернет пен байланыс ұсыну, Жерді зондтау, суретке түсіру тәрізді қызметтерден бөлек, ғарыш туристерін де қызықтыруды көздейтіні анық. Бірақ Марсқа адамзат ұшыруды аңсайтындар ғарыштағы байлықтардан дәмелі тәрізді. Хаябуса-2 аппаратының сәтті сапары астероидтарды бұрғылауға болатынын көрсетті. Демек, құрамында платина, алмас және өзге де бағалы заттары бар астероидтардан өнім таситын кез де жақындаған сияқты. Одан бөлек, Айда гелий-3 изотобы бар. Кемі 500 мың тонна деседі. Ал термоядролық реакцияда гелийден қолайлы шикізат жоқ. Алайда Жер бетінде гелий-3 изотопы өте сирек және оны өндіру қиын. Ал Айда кемі 500 мың тонна гелий-3 изотопы бар деп есептейді ғалымдар. Бәлкім, жарыс «гелийді кім бірінші әкеледі?» дегенге келіп тірелетін тәрізді. 1 тонна гелий-3 изотобы дейтерий немесе сутегінің ауыр изотобымен реакцияға түссе, 15 млн тонна мұнайдан алынатын энергия бөледі. Бұл дегеніңіз ғарышты кім жақсы игерсе, қазынаға сол қожайын болатынын аңғартады. Оның үстіне, қазірдің өзінде термоядролық реактордың құрылысы басталды. 2007 жылы Францияның оңтүстігінде ITER-International Thermonuclear Experimental Reactor құрылысы үшін арнайы алаң таңдалып, дайындық басталса, биыл шілде де мамандар реакторды салуға кірісіп кетті. Еуроодақ пен Швейцария, АҚШ, Ресей, Үндістан, Қытай, Корея, Жапония қатарлы 35 мемлекет қатысып жатқан жоба 2025 жылы сынақтан өтуі тиіс. Тәжірибе үшін іске қосылатын термоядролық реактор энергия өндірмейді. Бірақ 2030 жылға қарай электр өндіретін орталыққа айналуы мүмкін. Демек, Илон Масктің Марсқа, қытайлардың Айға асығуының астарында осындай ірі жобаға шикізат жеткізіп беру миссиясы да тұруы мүмкін. Әрі 1 тонна гелий-3 құны кемі 1 миллиард доллар бо лады деген болжам бар.
Қысқасы, адамзаттың Ай мен Марсқа ұшуы байлардың байи түсуіне ықпал ететін іс болуы мүмкін. Әйтпесе, ғарышты шынымен зерттегісі келетіндер астероидтардың траекториясын бақылап, оларды анықтап, төнетін қауіпті бағалауға мүмкіндік беріп келген «Аресибо» радиотелескобын қалпына келтіреміз дер еді. Әзірге ешкім үндеген жоқ.
Аманкелді ҚҰРМЕТ
aikyn.kz