Ерулік
Ерулік

Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Ерулік. Көшпелі халықтардың қонақжай болғаны ертеден белгілі. Көшпелі қазақтардың өмір салты көшіп-қону болғандықтан, оларға тән әдет-ғұрыптар, ережелер, салт-дәстүрлер қалыптасқан. Осылай орын ауыстырудың қиын жақтарын адамдар бір-біріне көмектесу арқылы жеңілдеткен десек те болады. Осыншама қазақтың кең-маңдай жазық жерде көшіп қонуының жеңіл болу себебі, ерулік сияқты дәстүрді сақтағаннан. 

Ерулік - бір ауылға жаңадан көшіп келгендерге асын асып, қазанын қайнатып көмек-қолын созу арқылы бұрыннан тұрып жатқан адамдардың көрсеткен ілтипаты. Ол дегеніміз жаңа отбасыға көрсетілген сый-құрмет және тез арада жақын араласып кетудің бір жолы. Осы дәстүрдің ерекшеліктері туралы Tengrinews.kz тілшісіне этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлы әңгімелеп берді.

"Ерулік дегеніміз - үлкен мекендерде жайғасқан көшпелі халықтардың арасында орныққан керемет салт- дәстүр. Көшпелілерге тән қасиет қонақжайлық емес пе? Бір мекеннен екінші мекенге, бір жайлаудан екінші жайлауға орын ауыстыру деген мыңдаған, кемінде 30-40 шақырым болған. Міне осындай алыстаған мекендерге жету үшін жолым жеңіл болсын деп адамдар ешқандай азық-түліксіз жолға шыға берген. Осылайша қоныс жайғандарға, жақын маңда мекендегендер ерулік көрсеткен", - деді тарихшы.

Оның айтуынша, ерулік жалғыз көшіп келген отбасыға ғана емес, бір түнге аялдамаға тоқтаған көшке де көрсетілген. Адамдарға тамақ беріп, суын ішкізіп, аттарына да жем берген. Яғни бұл дәстүр арқылы алдағы уақытта арамызда жылы қарым-қатынас қалыптассын деген оймен жасалады екен. 

Осылай дей келе тарихшы ерулікке қатысты Сырым батыр мен орыс көпестің арасында болған әңгімені айтып берді:  "Сырым батыр тек батылдығымен емес шешендік, сөзтапқырлығымен де ерекшеленген. Бірде Сырым батыр орыстың көпесімен сөз таластырып, сол көпес Сырымға "Сен білісең бе? Менің малдарым бар, шаруашылығым бар, пәлен үйім бар, алтындарым бар", - депті. Ал сендерде малдан басқа не бар өзі?", - деп айтқан екен. Яғни, орыс бай ма, әлде қазақ бай ма?", - деп сұраған екен. Сырым батыр. Сырым батыр еш саспастан "Әрине, қазақ бай" депті. Көпес оған "Қалай қазақ бай?" деген сұраққа Сырым батыр "Егер сен алыс жолға аттанатын болсаң, арбаңа толтырып азық-түлігіңді алып жүресің, ал қазақтар қанша алыс жолға аттанса да, бір түйір азықсыз жүреді. Жолда кездескендер оны қондырып, тамағын беріп, атының жемін қамтамасыз етеді. Осыдан кейін сен байсың ба, әлде қазақ бай ма?, - депті Сырым батыр".

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
6 жыл бұрын 5087
0 пікір
Блог туралы