Ең дәмді мәзір: Қияр мен сәбіз қосылған қыстық салат
Ең дәмді мәзір: Қияр мен сәбіз қосылған қыстық салат

Ащы салатты ұнататындарға бұл салат рецепті өте қажет. Егер соншалықты ащы болғанын қаламасаңыз, корейлік сәбіз салатына арналған дәмдеуішті азырақ қосып жасауға болады.

Қыс мезгілінде жаздағыдай салат жеп отырғыңыз келсе, қазірден қамданыңыз. Себебі, көкөністер де таусылуға жақын. Тез әрі өте аз қоспалармен дайындалатын қыстық салатты әзірлеу де қиын емес.

 

Қажетті өнімдер:

- 2,5 кг қияр

- 0,5 кг пияз

- 0,5 кг сәбіз

- 6 дана тәтті бұрыш

- 200 гр. сарымсақ

- 1 стақан қант

- 1 стақан өсімдік майы

- 2 ас қасық тұз

- 2 қалта корей сәбіз салатына арналған дәмдеуіш

- 200 гр. сірке суы

- Ақжелкен мен аскөк қажет.

Дайындалу тәсілі:

1. Көкөністерді тазалап жуып, дайындап аламыз. Содан соң пиязды жартылай дөңгелектеп әрі жұқалап тураймыз. Болгар бұрышын ортасынан бөліп, дәндерінен тазартамыз да, ұзыншалап тураймыз. Ал, сәбізді корей салатына арналған үккіштен өткіземіз. Қиярды ұзыншалап турауға немесе дөңгелектеуге болады.

2. Сарымсақты аршып, блендермен майдалаймыз. Ақжелкен мен аскөкті майдалап турау керек.

3. Енді үлкендеу табақ алып, оған алдымен қиярды, сосын болгар бұрышын, пияз бен сәбізді, сарымсақ пен аскөктерді саламыз. Барлығын жақсылап араластырып, 9 пайыздық сірке суын, қант, тұз және 2 қалта дәмдеуішті салып, тағы бір араластырып жібереміз.

4. Осылайша дайындалған салатты 2 сағаттай үстелдің үстіне қоя тұрамыз. Бірақ та әрбір жарты сағат сайын қасықпен қозғап отыру керектігін ұмытпайық!

5. Біраз уақыттан кейін көкөністердің шырыны шыға бастайды. Осы кезде ғана өсімдік майын құямыз. Себебі, майды ертерек құйып қойсаңыз, тұз бен қант тез ерімей қалады.

6. Енді салатты стерилденген банкаларға толтырып салып шығып, шырынын да құямыз. Сонда 0,5 литрлік 9 банка салат шығады. Банкалардың бетіне стерилденген қақпақтарды жаба тұрамыз. Сосын қазанның ішіне алдымен матаны жайып салып, содан кейін ғана банкаларды жайғастырамыз да, жартылай су құямыз. Сөйтіп қазанды отқа қойып, жарты сағаттай қайнату керек. Кейіннен банкалардың қақпағын арнайы құралмен бұрап, төңкеріп қоя бересіз. Ал қыстың күні иісі аңқыған мұндай салат тәбетіңізді еріксіз ашатын болады.

Дайындаған: Құрманкүл Әти, ERNUR.KZ

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
5 жыл бұрын 3642
0 пікір
Блог туралы