Былғары өндірушілер неге тері илеудің орнына зар илеп жүр – Қауымдастық төрағасымен сұхбат
Былғары өндірушілер неге тері илеудің орнына зар илеп жүр – Қауымдастық төрағасымен сұхбат

ҚазАқпарат – Қазақстанда өңделмеген мал терісін экспорттауға салынатын кедендік бажды алып тастау мәселесі қайта-қайта күн тәртібіне шығып жүр. Баждың болғанын жақтаушылар бұл ұсыныс Үкіметтен қолдау тапса, тері өңдеу индустриясы біржола тұралайды деп дабыл қағуда. Ал кедендік бажды даттаушылар санаулы зауыттың мүддесі үшін қарапайым халықты сыртқа тері сату мүмкіндігінен айырмау керек дегенді алға тартады. ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевпен осы мәселе жөнінде сұхбат құрды.

- Көңіліңізге келсе де айтайын, тері өңдеушілер қауымдастығы деген ұйымның бар екенін сізден естіп отырмын. Тоқ болған соң тек жүргенді жөн көретін шығар деп ойлайық десек, ауылда мал терісі пұл болмай қалғанын айтып зар қақсаған халықты көріп жүрміз. Әлде бұл проблемадан сіздердің қауымдастықтарыңызға келіп-кетері жоқ па?

- Тері өңдеушілер қауымдастығын қолға алғаныма бір ай болған жоқ. Бір айдың ішінде ұйымды тіркеу, құрамын толықтыру, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жүрміз.

- Жалпы қауымдастық деп айтатындай құрамдарыңыз үлкен бе? Неше кәсіпорынның басын қосып отырсыздар?

- Қазақстан бойынша ең үлкен кәсіпорын – Алматы тері өңдеу зауыты. Орта Азиядағы ең үлкен зауыттың бірі сол. Жылына 1,5 млн ірі қараның терісін өңдейтін қуаты бар. Екібастұз қаласында бір зауыт бар. Банкротқа ұшыраған жерінен алып, қайтадан жандандырып, іске қосқанбыз. Петропавлда бір зауыт бар. Семейде, Шымкентте, Қордайда, Арқалықта зауыттар бар. Таразда бұрынғы аяқ киім шығаратын фабриканың құрамында болған зауыт бар. Солар да бөлек шығып, дербес кәсіпорын болды. Қазір қаражат іздеп, әрекет етіп жатыр. Ақтөбеде, Оралда зауыт бар. Бірақ, олар бір істеп, бір тоқтап жүр. Нақты тоқтамай жұмыс істеп тұрғаны осы алдыңғы аталған 7 зауыт.

 

ДЕПУТАТ САУАЛЫНЫҢ ДЕРЕГІ КҮМӘНДІ

- Осыншама кәсіпорын бар болса, мал терісі неге күресінге тасталып жатыр? Біздегі өңделмеген терінің қызығын шетел көріп отыр деген сөз бос байбалам емес шығар?

- Біздегі ең үлкен проблема – экспорттық баж салығы. Оны алып тастаса, терінің қызығын шетелдіктердің көргені сонда болады. Қазақстандағы өңделмеген терінің ең сапалы дегенін түріктер, өзбектер талап әкетеді. Қазір терінің экспорттық баж салығы бір тоннаға 200 еуро көлемінде белгіленген. Мұндай баж төлеп, Қазақстаннан импорттау соншалық тиімді емес. Өйткені, өзіндік құны қымбаттап кетеді. Тері өңдеу нарығын осы баж арқылы ғана қорғап отырмыз.

- Сіз айтқан бажды алып тастауға кімдер мүдделі сонда?

- Ақпан айының басында Юрий Жулин деген Мәжіліс депутаты өңделмеген теріге салынатын бажды алып тастау керектігі туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл енді өңделмеген теріні сыртқа сатуды кәсіп қылған алыпсатар делдалдардың мүддесі деуге болады. Экспорттағы шикізаттың үлесін азайтып, өңделген тауардың үлесін арттырамыз деген ең негізгі саясатымызға қайшы ұстаным бұл. Қазақстаннан тері күйінде арзанға кеткен бұйым ертең өзімізге қымбат былғары өнімі болып, үстіне бірнеше есе құн қосылып оралып жатыр.

- Сіз айтып отырған депутаттық сауалдың мазмұнымен таныспыз. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында Юрий Жулин елде сойылған мал терісінің 10-20 пайызы ғана сатылатынын, қалғаны шіріп жатқанын айтады. Жыл сайын 2,5-3 млн ірі қараның терісі қоқысқа тасталады деген дерек келтірген. Мұны ақшаға айналдырып, 14 млрд теңге желге ұшып жатыр деген есеп айтады. Меніңше, Мәжіліс мінберінен көтеруге тұрарлық проблема сияқты...

- Ол сауалға келсек, дерегінің көбі - негізсіз. Өңделмеген теріні экспорттауға ол айтқандай 3 жыл емес, 1 жыл ғана тыйым салынған болатын. Оның өзінде үздік-создық шара болды. Жалпы Қазақстанда өңделмеген терінің экспортына баж тағайындалғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Оның көлемі біздің экспортты қабылдайтын елдің географиясына байланысты тоннасына 200-500 еуро аралығында болған. 2020 жылдың қараша айында Сыртқы сауда және халықаралық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Үкіметке осы бажды алып тастау туралы ұсыныс енгізді. Бұл баж тек 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қана қайтарылды. Бірақ, енді баждың ең жоғарғы мөлшері тоннасына 200 еуродан аспауы керек. Енді соны да жоқ қылғысы келіп жүргендер бар.

Одан кейін 14 млрд теңге деген санды қайдан алып отырғандары түсініксіз. Депутат фермелердің шығынын қандай тәсілмен есептеп шығарғаны маған да қызық. Жылына 3 млн ірі қара терісі қоқысқа тасталады деген статистиканы қайдан алған? Тек 20-30 пайызы сатылады дейді. Бұл кеден қызметінің дерегі ме? Тағы да нақтылық жоқ. Елдің көңіл-күйіне әсер ететін сандарды шебер ойнатып отыр деп ойлаймын. Жоғарыда айтқан зауыттардың бәрі жобалық қуатымен толық жұмыс істесе, жылына 3 млн теріні еркін өңдей алады. Қазірдің өзінде 1 млн 750 мың теріні өңдеп отыр.

- Сол көлемді арттыруға кім кедергі?

- Мәселе терінің сапасында болып отыр. Қоқысқа тасталып жатыр деген терінің көбі осындай баға сүймейтін, қалай болса, солай сойылған сапасыз терілер. Мал сою ісін жолға қойып, тірі күнінде күтімін түзесе, тері аурулары мен паразиттеріне қарсы екпелер мен ем-домды уақтылы жасаса, оның бәрі совет заманындағыдай қайта өңдеуге жарамды теріге айналар еді. Яғни, қазір ірі қара терісі экспортқа салынған баждың кесірінен емес, сапасының төмендігінен қоқысқа тасталып жатыр. Салаға шынымен жаны ашитын адамдар мұны біледі.

 

«ҚЫРҒЫЗ АСҚАН ТЕРІМІЗ ҚЫТАЙДАН ҚЫМБАТ БҰЙЫМ БОП КЕЛІП ЖАТЫР»

- Қазақстандағы терінің сапасы төмен деуіңіздің мәнін ашып айтыңызшы

- Тері өңдеумен тікелей айналысқанымызға 10-15 жыл болып қалды. Ең кешенді, күрделі мәселе осы негізі. Біздегі мал сою мәселесінде үлкен проблемалар бар. Көбіне пышақ тиіп, тесілген, кесілген күйінде келеді. Бұрынғыдай ет комбинаттарында орталықтандырылған сою деген жоқ. Тері сапасы осы жерде бір бүлінеді.

Малдың бағымы, күтімі бар. Ол да терінің сапасына тікелей әсер етеді. Вакцинация мәселесі де бар. Оқыраға қарсы, басқа да терінің ауруларына қарсы екпелер уақтылы әрі қажетті мөлшерде салына бермейді. Көбінесе қағаз жүзінде салынып, іс жүзінде салынбай қалады. Үкімет екпеге деп бөліп берген ақшаны қағаз жүзінде ғана игереді. Кене тесіп, сона талаған, оқыра ұялаған теріде қайбір сапа болсын?!

Кабинетте отырып алып, экспортқа шектеу болмау керек деп ұрандайды. Жарайды, есікті айқара ашып берейік, ең сапалы деген теріні қаймағын сыпырғандай сыртқа алып кетеді де, Қазақстанның зауыттарына жыртық, тесік, сұрыбы нашар терілер қалады. Шикізаты сапасыз болған соң зауыттар тоқтайды, банкрот болады. Өңделмеген тері экспортының бажын алып тастаса, кемінде 500 адам жұмыссыз қалады. Ол 500 отбасының кірісі төмендейді деген сөз. Сосын тағы халық неге көшеге шығып кетті деп, түсінбей отырамыз...

- Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері экспорты қалай реттеліп жатыр?

- Бір қызығы, тері экспортына кедендік бажды алып тастау керек дегенді айтып жүргендер бұл талаптың Ресей нарығына жүрмейтіні туралы жақ ашпайды. Қазақстандағы зауыттардың бағасын жаратпаған тері сатушылар Ресейге ешбір бажсыз өткізе алады. Бірақ, ол үшін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен талаптар бар. Теріні экспорттау үшін түрлі вакцинация паспорттары мен ветеринарлық анықтамалар керек. Ресей одақ аясында да өз нарығын сапасыз, күмәнді тауардан осылай қорғап отыр. Сондықтан ба, кім білсін, Ресей нарығына өңделмеген теріні ет комбинаттары ғана өткізіп отыр. Осы сияқты талаптардың бәрі айналып өту үшін Қырғызстан арқылы заңсыз түрде шығаратындар бар. Ресми статистиканың өзінен салыстырып көруге болады. Бізден әлдеқайда кішкене мемлекет жылына 3-4 млн тері экспорттағанын көресіз. Ал Қазақстан, бізге белгілі мәлімет бойынша 1,5-2 млн ғана тері экспорттайды. Неге? Себебі, Қазақстанның терісі Қырғызстан арқылы «айналма жолмен» кетіп жатыр. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кейін кірді. Оған дейін біздің терінің бәрі солар арқылы Қытайға емін-еркін кетіп жатты. Қазір одақ аясында жұмыс істеп жатыр дегенімізбен, әбден жолға қойылған көлеңкелі арна толықтай тығындалды деп айтуға келмейді. Қытай шекарасын жауып еді, Түркияға, Өзбекстанға кетіп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара және кеден қызметі, қаржылық мониторинг агенттігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сияқты құзырлы органдардың бәрі бірге шешетін мәселе деп ойлаймын. Осы бір тесікті бітейтін уақыт келді.

- Өңделмеген тері экспортына кедендік баж тағайындалғанына 10 жылдан асты деп отырсыз. Осы кезеңде сіз айтып отырған зауыттар неге жұмысын тиянақтап, технологиялар енгізіп үлгерген жоқ. Халықтан тері жинау жұмысын 10 жылдың ішінде жолға қоюға болмас па еді? Өздерінің әлеуеті зор екенін билікке де, халыққа да неге көрсете алмады?

- Сіз айтып отырған технологияларды әкелу үшін инвестиция тартылу керек. Біз ол жұмысты бастап та қойғанбыз. Қазір түркиялық инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Алматы қаласының Алатау ауданында ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ең үлкен желатин шығаратын зауыт салмақшы. Жаңағы айтқан сапасы нашар терінің бәрін желатинге жіберсе, қып-қызыл ақша болады. Олар күніне 600-700 тонна тері қабылдаймыз деп отыр. Егер ол зауыт салынса, нашар терінің бәрін желатинге, сапалы теріні былғары өңдеуге жібере алатын едік. Біздің қазіргі өңдеп жүрген теріміз WET Blueдәрежесіне жатады. Былайша айтсақ, жартылай өңделген деген сөз. Одан кейін Crastдеген дәрежесі бар, 70 пайыз өңделген деген сөз. Finish дәрежесінде таза былғары болып шығады. Өндіріс тізбегінің осы сатыларының бәрін дамытсақ, аяқ киім шығарып, жиһаз бұйымдарын өндіруге болады. Белдіктен бастап сөмкелерге дейін шикізат бере алатын едік. Ондай шикізат болмағаннан кейін ешкім инвестиция салмайды. Сол үшін шырылдап жүрміз.

10 жылда не бітірдіңіздер дегенге келсек, кейінгі екі жылда Арқалықтағы, Семей мен Екібастұздағы, Шымкенттегі тері өңдеу зауыттарының жұмысы қайта жанданды. Мысалы, Арқалықтағы зауыт 60 адамды жұмыспен қамтиды. Жұмыс орындары тапшы моноқала үшін бұл маңызды өзгеріс. Оның үстіне, тері өңдеу зауытымен жапсарлас тігін өндірісі құрылып жатыр. Қазір Ақалықтағы зауыт Өзбекстанның, Украина мен Ресейдің аяқ киім зауыттарына былғары жеткізіп отыр. Қостанай облысы бойынша 5 тері қабылдайтын бекет ашқан. Былтыр ғана 300 млн теңгенің терісін қабылдады.

 

«ӨЗБЕКСТАН БІЗ ҮШІН ЕКІНШІ ҚЫТАЙҒА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТЫР»

- Сонда біздің тері өңдеушілер 10 жылда бір инвестор ғана тартқан болып отыр ма? Мәселе мемлекеттің саясатында ма, әлде өздеріңізде ме?

- Әрине, бәрі мемлекеттің саясатына байланысты. Маңайдағы елдер тері экспортына тыйым салған болса, біз олармен қалай бәсекеге түсе аламыз? Мысалы, Моңғолия ірі қара терісінің экспортына тыйым салғанына 15 жыл болды. 4 млн ғана халық бар сол Моңғолияда 34 былғары зауыты бар. Киіз бен былғарыдан киім тігіп, экспорттап отыр.

Ал Өзбекстан өңделмеген тері экспортына тыйым салғанымен қоймай, жартылай фабрикат экспортына жөнелтілетін партия құнының 10 пайызы көлемінде кедендік баж тағайындап тастаған. Бұл елде 2018 жылдан бері тері өңдеу саласын дамытудың кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр. Соның аясында кәсіпорындар жер салығынан босатылған. Ал өңделген өнімін экспорттайтын болса, мүлік салығынан босатылады. Жеке тұлғалардан қабылдаған теріге қосылған құн салығы салынбайды. 2020 жылы Өзбекстанда осы бағытта біздің ақшамен есептегенде 9 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы қолға алынып, өндіріс көлемі 800 пайыз артты. Қазір тері өңдеу Өзбекстанда экономиканың маңызды стратегиялық саласы болып қалыптасты. Қазақстанға бір жылда 90 млн жұп аяқкиім керек болса, түгел қамтамасыз етуге дайынбыз деп кеуделерін соғып отыр. Егер солай істей бастаса, тосқауыл да қоя алмаймыз. Себебі халыққа аяқкиім керек.

Ал Ресейде өңделмеген тері экспортына 2015 жылдан бері тыйым бар. Осы кезеңде бұл елде теріні тереңдетіп өңдеу көлемі 15,7 пайыз, өндіріс көлемі 8,5 пайыз өсті. Сонда маңайымыздың бәрі ішкі нарығын қорғап, тыйым салып жаста, біз кедендік баждың өзін алып тастау туралы мәселе көтеріп отырмыз.

- Жалпы сіздерге мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған ба?

- Субсидияны қойып тері өңдеу бизнесіне берілетін дұрыс несие де жоқ. Әуелде «Мал өнімдері корпорациясы», одан кейін «Қазагроөнім» сияқты мекемелер арқылы кредит берген. 12 пайызбен, ешқандай жеңілдігі, каникулы жоқ несие болды. Ал бізге ұзақ мерзімді, жеңіл несиелер керек. Теріні субсидиялауға болар еді. Ол субсидияны тері жинайтындарға беріп қажет емес. Зауыттар арқылы субсидияласа, олар да халықтан неғұрлым көп тері қабылдауға мүдделі бола түседі. Бізден басқаның бәріне экспорттаушы ретінде қолдау қарастырылған. Тіпті, қойма салса, соның шығынын да төлеп береді.

«ҚазЭкспортГарант» деген ұйым бар, мысалы. Сондай жеңілдіктер керек. Біз мұның бәрін жаздық та. Бізде заң аясында, қағаз жүзінде жеңілдіктің түр-түрі бар. Бірақ, алу мүмкін емес. Сұрап барсаң, қалың тізім береді. Президент айтқандай, «Достарға бәрі, қалғандарына заң бойынша» деген қағидамен реттеледі. Осыған дейін солай болып келді. Енді бәрімізге теңдей жағдай жасап берсін. Бізде мемлекеттік, квазимемлекеттік тапсырыстар бар. Ондай тапсырыстар былай орындалады. Көзбояушылық үшін 10 пайызын тігеді де қалғанын Өзбекстаннан сатып әкеле салады. Бұрын Қытайдан әкелінетін, олар жауып еді, енді Өзбекстан пайда болды. Біздің ақшаның бәрі сыртқа осылай кетіп жатыр.

- Қой терісін кәдеге қалай жаратпақшысыздар? Оған енді шетелден талас жоқ шығар?

- Қазір бәріміз қойдың терісін илемей, күресінге тастап жатыр деп зар жылап жүрміз. Өзіміздің әскердің, теміржолшылардың, мұнайшылардың қыстық аяқкиіміне сол қой терісін неге жапсырма пұшпақ ретінде астар қылып пайдаланбасқа? Оны да қолға алғанбыз. Бірақ, тапсырыс өте аз. Ақша төлеу жүйесі өте қиын. Бұл жерде де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың құлағы қылтиып тұрады. Өзімізде жасау мүмкіндігі бар дүниенің ешбірі сырттан әкелінбеуі керек қой. Қытайдан әкелу қиындап еді, Өзбекстан біз үшін екінші Қытайға айналып бара жатыр. «Қазақстанда тігілді» деген жапсырмамен ағылып жатыр. Оны мен айтпасам да, өздері-ақ, бір-бірімен соттасып, көрсетіп жатыр. Аяқкиім фабрикаларының бірі көбірек тапсырыс алып қойса, екіншісі көзін шұқып, былығын ашады. Оны құзырлы органдар тексерген болады, ақыры ым-жымын білдірмей, жылы жабады. Екі ортада таза жолмен өндірген тауарымызды сата алмай, немесе тапсырымыздың ақшасын ала алмай біз қиналамыз.

 

«ТЕРІНІ ТАҒАМ ЕТІП ОТЫРҒАН ЕЛДЕР БАР»

- Бұл проблемаларды Үкіметтің алдына қоюға не кедергі? Әлде Юрий Жулин сияқты сөздеріңізді сөйлейтін депутат болмай жүр ме?

- Осы мәселелерді тізіп Президентке де, Премьер-Министрге де, салалық министрліктерге де хат жаздық. Осы хаттардың негізінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Ол жұмыс тобында бүкіл зауыттардың өкілдері қосылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өндірісті басқаратын комитеті бар. Біздің сөзімізді сөйлеп отырған солар. Бірақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ет одағы бажға қарсы. Тері нарығында бір делдал фирмалар бар. Бажды алып тастау керек, экспортты шектемеу керек деп айғайлап жүргендер солардың сойылын соғып, лоббиін итермелеп жүр. Себебі, олар пайдадан қағылып жатыр. Бір ғана фирма. Жұмыс тобының отырысында неше адамды жұмыспен қамтып отырғанын сұрадық, жауап бере алмады. Өзіміздегі зауыттар сатып алса, ай сайын қанша тері әкеліп бере алатынын сұрадық, жауап бере алмайды.

«Бажды алып тастау керек» дегеннен басқа айтатын уәжі жоқ. Ол талабын Президентке бір жазады, Премьер-Министрге бір жазады. Ет одағы, фермерлер қауымдастығы деген сияқты ұйымдардың бәрін өзіне қарай тартып алған. Солар арқылы қысым жасап бағуда. Тағы да қайталап айтам, бажды алып тастау оңай. Салдарынан жүздеген адам жұмыссыз қалып, онсыз да халі мүшкіл тері өңдеу индустриясы құрдымға кетеді. Жеңіл өнеркәсіп дамымайды. Басқа емес, Өзбекстанның тәжірибесін енгізіп-ақ, саланы дамытуға болады.

- Түркиялық инвесторға оралайықшы. Ол жобаның қазіргі күйі қандай? - Желатин зауытын салуды ойластырып жүрген инвестор 35 млн доллар инвестиция салмақшы. Қазір біздің күніміз ресейліктерге қарап тұр. Олар желатин жасайтын ондаған зауыт ашып тастаған. Пандемиядан кейін желатиннің бағасы қатты көтеріліп кетті. Себебі, желатин – тамақ. Индонезияда теріні тамақ ретінде көп пайдаланады. Ағарғанша жуып тазартады да, калоген ұнтақ ретінде тамаққа пайдаланады. Өйткені ақуызға бай. Кондитерлік өндіріске, тамақ өндірісіне, косметологияға пайдаланады. Желатиннің ең нашар қалдығын құрылыс саласында желімнің, қоспалардың құрамына пайдаланады. Түркиялық инвесторлар Алматыда зауыт салса, Ресейге сабылмас едік. Қазір екі күннің бірінде шекара жабылады. Оның бәрі шығын. Ресейге жолың түсіп барғанның өзінде айтқан бағаңа ешкім алмайды. Сапасы жарамсыз деп айнып қалады. Сонша шығындалып жеткенде қайтып кететін емес, ақыры бағасын түсіріп, жалынышты боласың. Зауыт өзімізде болса, сол машақаттың бәрінен құтыламыз. Жол шығыны, қосылған құн салығы қалтамызда қалар еді.

Инвестор зауытқа кемінде 2000 жұмысшы алуды жоспарлап отыр. Түркияның тері өңдеу қауымдастығы төрағасының орынбасары Қазақстанда жүр. Солармен әріптес болып жатырмыз. Олар бізге Үкіметке айтып, тері экспортына тыйым салғызу керек деп отыр. Тыйым салмай-ақ қойсын, тым болмаса баж салығын қалдырсын.

- Ол зауыт салынса, күресінге тасталып жатқан терінің бәрін кәдеге жаратуға болады деп айта аламыз ба?

- Қазақстанда жылына 2-3 млн тері босқа шіріп жатыр деп байбалам салып жүр. Бұл статистика шын болды дегеннің өзінде күніне 700 тонна тері өңдейтін зауытқа ол бұйым да емес. Айына 21 мың тонна тері керек. 21 мың тоннаңыз 1 млн дана тері деген сөз. Бір зауыт қана айына 1 млн тонна тері қабылдайды деген сөз. Оны тауып берудің өзі қиын болайын деп тұр.

 

- Әңгімемізді түйіндейікші. Сонда өңделмеген теріге баж салығын қалдырудан мемлекет не ұтады?

- Әңгіме баж салығында ғана емес. Шикі теріні бас-көзсіз экспорттау – ең оңай жолы. Оның игілігін елден тері жинап сататындар ғана көреді. Ал тері өңдеуге инвестиция тартып, шикізат ретінде емес, желатин, былғары, бұйым етіп сатсақ, оның мультипликативтік әсері болады. Бұл жол қиын шығар. Бірақ зауыттарда қосымша жұмыс орындары ашылады. Өз малымыздың терісін өзіміз өңдеп, аяқкиім, белбеу, жиһаз қаптамасы ретінде пайдалана бастаймыз. Өңделген өнім дегеніңіз – қосылған құн. Қосылған құн дегеніңіз – лайықты еңбекақы.

Совет кезінде Қазақстанның терісінің 90 пайызы бірінші, екінші сұрыпқа жатқан екен. Өзбекстан терісінің 70-80 пайызы қазір бірінші, екінші сұрыпқа жатады. Қазақстан бойынша сапасы ең жақсы терілер Шымкент жақтан келеді. Басқа жерде тері бағасы 10 доллар болса, оларда - 20 доллар. Өйткені, Ташкентке жақын болғандықтан, бағаны теңестіріп ұстап отырады. Қазір Өзбекстанның терілері Қытайда 50 долларға сатылады. Ал Қазақстандағы ең сапалы дегені 30-35 доллардан аспайды. Қалыпты терілер 10-15 доллардан кетіп жатыр. Айырмашылықты көріп отырсыз ба? Біз шикі терінің экспортына мүдделі ат төбеліндей топтың жағдайын жасауымыз керек пе, әлде саланы кешенді дамытып, іргедегі елдермен бәсекелесе алатын деңгейге жетуіміз керек пе? Меніңше, екінші жолы дұрыс.

- Әңгімеңізге рахмет! Ісіңіз алға бассын!

Автор: Есімжан Нақтыбай

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 ай бұрын 1059
0 пікір
Блог туралы