Баспанасы жоқтардың назарына!
Баспанасы жоқтардың назарына!

Біреудің үйі жоқ, біреу енесімен тұрады. Біреу жалдайды. Ал, біреудің пәтері бола тұра үйім бар деген сезімге бой алдыра алмайды. Үйің жоқ болса, бұған не себеп? 
Әр адамның, әсіресе әйелдің өз үйі болуы керек. Үйім бар деген сезім қанат жаюы маңызды. Бұл сезімсіз адам дертке ұшырайды. Үйім бар деген сезім болмаса, оның жаны мына әлемді жатырқайды. Үйлесімділік орнамайды. Әйелдің бақыты үйімен тығыз байланысты. 
Үйі жоқ адам өмір сүрмегендей болмақ. Өмірін кейінге қалдырып уақыт оздырады. Оның санасында күту белгісі қосылады. Осыдан үй алсам, көшсем, жөндесем, сосын барып… 

Үй – өзіңді қауіпсіз сезінетін кеңістік. Үйде бар күш-қуатыңды қалпына келтіре аласың. Мен үйдемін! 
Үйде тынығасың, жаныңмен демаласың. Күш жинайсың. Маңызды шешім қабылдайсың. 
Үй – жан жарасы емделер орын. Үйдегілер сені болмыс-бітіміңмен тұтас қабылдайды. 
Үйден кеткің келмейді. Оны ұзақ уақытқа қалдыра алмайсың. Өйткені, ол тірі ағза сияқты. Ол күш беретін ұя. 
Үй адам туралы көп ақпар береді: біздің тілегіміз, арманымыз, қарым-қатынасымыз, қуатымыз қайда бағытталғанын, жан дүниемізде не болып жатқанын анық көрсетеді. 
Үй – бүкіл өміріміз тамыр жаятын топырық. Адамның ересек, саналы өмірі өтетін орын.

Әдетте адам баласы жеке тұлға ретінде жетілуі мен өсуін үйден тыс жерде іздейді. Ал, үй ұрыс-керіс, асығыс-үсігіс жасалған дәмсіз тамақ, лас, ебедейсіз жер. Таралмаған шаш, бейәдеп қылық көрсететін орын. Үй жәй ғана түнеуге керек төсек қана сияқтанады. Бірақ ең маңызды сәттер осы үйде болады емес пе? Үйде қарым-қатынас орнатуды үйренеміз. Бала өсіреміз. Оларға бойымыздағы барымызды сіңіреміз. Сол байлықпен үлкен өмірге қадам жасап, аттанады. 
Тек үйде шын өмір бар. Сіздің өміріңіз қандай? Әлде сіз үшін өмір деген жұмыс қана ма?

Егер күнделікті өмірді реттеп, жоспарлап, жүйелей алмасақ, онда үйден безіп кетеміз. Үйден саяхаттауға шығамыз. Демалып, бақыт іздеп шығамыз. Бірақ үйде жоқ бақытты саяхаттан да таппайсыз. Келген соң ескі өміріңізге қайта оралуға уақыт оздырасыз. Саяхаттап жүрген әйел ішкі ыңғайсыздығын жасырып жүреді. Өмірден шаршағанын, тынышсыздығын, үйлесімділік таппағанын білдіртпеуге тырысады.

Егер әйел бір орынға жайланып, тамыр жібермесе, бұл жаман. Мұндай ауыспалы күй оның психикасына кері әсер етеді. Әйелдің жанын жаралайды, бүлдіреді.

Үйсіздік сезімін қалай анықтауға болады:

– егер жұмыстан үйге кешігіп келетін болса;

– егер үйден тыс жерде болған ұнаса;

– егер көп саяхаттаса және жиі көшіп-қонып жүрсе;

– егер үйде өзін сенімсіз, бөтен сезінсе;

– егер тұратын кеңістікте өзін қауіпсіздікте, үндестікте сезінбесе;

– егер үнемі көшіп кеткісі келсе, бір нәрсені өзгертіп, үйді үлкейткісі келсе.

Баспаналы болу сезімін қалай қайтарады?

Үй деген адам өзінің жүрегімен, өмірімен үндестік тапқанда келеді. Адам өмірге қадам басқанда, өмірді жаңа парақтан бастағанда, ұрпақ өрбіткісі, тамырын тереңге тартқысы келген кезде іргетас қаланады.

Өз үйің болуы үшін адам есеюі керек. «Баланың» үйі болмайды. Олар үнемі өзгенің үйінде жүреді. Жалдайды. Бала болып қала береді. Түйсікпен бала болып қалған олар санасында өз үйімен қоштаспаған болып шығады. Олар қауіпсіз, тыныш, оңай жерді, ата-анасының үйін аңсап тұрады. Неғылады үйді? Әке-шешесінің үйі бар ғой. Жан-тәнімен сонда барғысы, оралғысы келіп тұрады.

Үй бар немесе жоқ болса, бұл жағдай жан дүниеңізде не болып жатқанын толық айшықтайды.

Өз қорқыныш-үрейіңізді жеңіп үйреніңіз. Бәлкім, кей адам бала күнінде үйге қайтуға қорыққан шығар. Үйде не күтетінінен қорыққан болар. Әке-шешенің ашуынан секемденген шығар. Олардың неге кешіктің, неге мынаны істемедің, неге үй жинамадың деген сөгістерінен мезі болған шығар? Досыңның, құрбыңның үйінде, көшеде, ойында, әйтеуір басқа жердің бәрінде жақсы, үйде ішкіштер, ұрыс-керіс сияқты үрей туындатарлық жағдай орын алған болса, адам үйсіздік сезімін жүрегіне егіп өскені.

Үй ол адамның санасына өте қауіпті жер болып сіңген. Үйге қайтуға қорыққан. Сондықтан қазір тамыр жаю, өну, үй болуға ниеті жоқ. Тәжірибесі жоқ. Бірақ осыны біліп алып, алға жылжу жеңілірек. Білмей өмір сүргеннен жақсы.

Отбасы құру үшін алдымен үй салу керек. Ортақ кеңістікті жасау маңызды. Онсыз отбасы болмайды. Отбасы бар, ал көп уақыттан бері үйі жоқ болса, бұл белгі. Бәлкім, бұл әйел осы ерді таңдамаған. Түйсікпен ата-анасының үйіне оралғысы келеді. Сондықтан ортақ үй бұйырмай тұр. Баспананың болмауы – нақты белгі: күту режимі қосылды деген. Енді сұрақ. Нені күтіп жүрсіз?

Әйел ерді таңдаған кезде оның үйім болса деген тілегі бүр жарады. Ер адам мұны әрдайым сезеді. Әрекетке көшеді. Әйел ерін осы мақсатта қолдап отырса жеткілікті.

Мәселе ақшада емес. Үй керексіз кезде ақша табылмайды. Яғни, қуат кеңістігінде екеуі үй болып қалыптаспағаны. Пәтерлі болудың мәселесі екеудің қарым-қатынасына тәуелді: екеуі үй болып бір-біріне сіңіссе, онда баспана өзі-ақ келеді.

Жалдамалы пәтер – бұл психологиялық есеймеу. Әсіресе, бұл тірлік көп жылға созылып кетсе. Пәтер берушілер – ата-ана рөліне енеді. Қатал, жауапты. Олар бәрін шешеді. Не сатып алу, не өзгерту, не төлеу керек сияқтыны. Жалдаушы тәуелді соған. Есі дұрыс адам еркін болатын жерде сіз басыңызды иесіз. Бала сияқты. Мысық па, ит пе сатып алуға бола ма деп рұқсат сұрайсыз. Гүл ексем бола ма деп. Қожайын өз үйінің тазалығы мен бүтіндігіне жауапты. Сіз емес. 
Сондықтан жалдамалы пәтерде тұрсаңыз, есейетін уақыт жеткенін түсініңіз. Үй жоқтықтың астарында ақша жоқтық емес, үй болуға ниет жоқ екенін біліңіз. Ата-ананың қанатынан шығып, бөлек өмір сүруге талпыну керек. Қалың ұйқыдан ояну секілді. Дұрыс бағытты таңдаңыз. Сіздің басыңыздағы жағдайды сіз ғана түзей аласыз. Өз үйіңізге асығыңыз.

Санаңызда сіздің өз үйіңіздің сұлбасы көлбеңдеп тұруы тиіс. Өз үйін санасында жасап алған адам оған аз уақытта қол жеткізеді. Есейіңіз! Өз заттарыңыз болуы керек. Жалдамалы пәтерде сіздің затыңыз жоқ. Бәрі бөтен адамдікі.

Үй деген жауапкершілік, ересек өмірге қадам.

Ал, әйел үшін үй қуатын еселейтін кеңістік. Сондықтан үйіңізде барлық нәрсе сізге қуаныш сыйлауы керек. Бәрі сіздің көңіл-күйіңізді көтеруге арналуы маңызды.

Баспанаңыз жоқ болса, тұрған жеріңізде өз үйіңіздің прототипін жасауға көшіңіз. Ертең өз үйіңе әкететін заттарды жинауды бастаңыз. Осыдан үйім болсын алам деп емес, мынау менің өз үйіме арналған зат деп жинаңыз. Ескі орындық, көне диванды тастаңыз. Жаңалаңыз, бәрін ниет реттейді. 
Егер түсінер болсаңыз, жалдамалы пәтерде ешқашан өз үйіңдегідей еркін болмайсың. Ол жерде тамыр жаюға, бала тууға мүмкіндік жоқ. Көш деген күні кетуге тиіссің. Қайтадан пәтер іздеп, қайтадан асай-мүсейіңді түгендеуді бастайсың. Жалдамалы үй несімен қорқынышты? Біз ол үйге ештеңе бермейміз. Ол үй де бізге ештеңе бермейді. Күш-қуатымыз ортая береді.

Іштей осыны тоқтату керек. Ары-бері көшуге не итермелейді? Өз үйіңіз болса, оның несі жаман? 
Ал, мынау күйеуі жоқ әйелдерге арналған: неге жалдамалы пәтерде жүрсіз? Неге күйеуге шықпай, жалдамалы пәтерге кеттіңіз? Бұл да кездейсоқ болған жағдай емес.

Бұл сауалдар ойлантуға тиісті. Түйткілдің тамырын іздеуге бағыттайды. Ол сіздің өміріңіз бойына қайталанумен келе жатқан мәселеге ден қоюға итермелейді. 
Үй – бір қарағанға біткен, тәмамдалған ұғым. Бұл сіздің таңдауыңыз. Кіммен тұруыңыз сізге ғана байланысты. Осы негіздегі аяқталу, тұйықталудан әйел қорқады. Сондықтан қырық жыл бойы өзгенің босағасында қаңғырады. Өйткені, таңдау жасалмады.

Кеңес: 
Біздің үйіміз – біздің айнамыз. Егер үй ішінде бірдеңе өзгерткіміз келсе, онда жан дүниемізден бастағанымыз жөн. Үй – күш-қуат қайнары. Оны бағалап, сыйлайды. Сондықтан үйіңізде дау-жанжал, ұрыс-керіс шығарудан сақтаныңыз. Өйткені, оның бәрі шаң болып әр бұрышқа қонады. Теріс күштің де қуаты бар. Ал, үй күш беруі керек.

Үйіңізді жұмаққа айналдырыңыз. Тамақтан бастаңыз. Оны ылғи махаббатпен, құрметпен жасаңыз. Сонда ол отбасыға береке, ынтымақ тартып тұрады. 
Құдайы қонақ күтуге, жалпы қонаққа есігіңіз ашық болсын. Үйдің ішінде тазалық пен үйлесімділік болсын. Тәртіп бар жерде бәрі таза, тозаңсыз болады. Үйде әйел бары сезіліп тұруы керек.

Әр күн үйіңізге тек қуаныш пен жанға рахат сыйласын, асығыс өмір сүрмеңіз.

Отбасы мүшелерін шығарып салып, қарсы алуды біліңіз. Күйеу мен баланы құрметпен, айғайсыз шығарып салыңыз. Табалдырықтан күтіп алыңыз. Сұрақтың астына алмай, тек мейіріммен қарсы алыңыз. Алдымен, дастарқанға шақырыңыз. Сосын сұрарсыз.

Әйелді үйде күйеуі қарсы алғаны жақсы емес. Өміріңізде бір ретсіздік орын алғаны. 
Өз отбасыңызды немен қуантып, таң қалдырып, оларға бірегей үндестік сыйлауды ойлап жүріңіз. 
Қап тауында мынадай мәтел бар: Үйге қонақпен бірге Тәңір қоса еріп келеді деген. Қонақ шақырған сайын үйге береке шақырамыз. Береген қолым алаған. Қонаққа үнемдемеңіз. Жақсылық жақсылықпен қайтады.

Әйел отбасыда бақытты болуы үшін мейірімді, байқампаз, қонаққа құшағын айқара ашып, жомарт, әрі көркем киім киюі керек. Әйелдің өсуі үйінен басталады. Сыртта емес. Әйел мен ердің арасындағы түсіністік үйде басталады. Бұл кеңістік жоқ болса, олардың қарым-қатынасының де келешегі жоқ деген сөз. Өзіңізге ұнамайтын, бөтен, артық көрінген заттың бәрін тастай салыңыз. Үйдегі барлық зат көз қуанышқа айналуы керек.

Әр адам өз өмірін өз үйінен бастап тазалауы тиіс. Өз әлеміңізді жасаңыз. Ол қандай болсын? Үйіңіз әлі жоқ болса да оның қандай болатынын жоспарлаңыз. Жақсы өмір сүруді бүгіннен бастаңыз. Сонда бақытты тәжірибе қалыптасады. Онсыз үйге қол жеткізе алмайсыз. Жаңа пәтерді де өзіңіздің үйіңізге айналдыра алмайсыз. Үрей басып кетеді.

Ал, бақыт керек қаражатты тартады. Адам санасында үйі бар екенін сезінсе, оның әлемі өзгеріске ұшырайды. Ойы, әрекеті күрт өзгереді.

Татьяна Дзуцева 
Аударған Шынар Әбілдә

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3317
0 пікір
Блог туралы