Баланы кітап оқуға баулудың бес амалы
Баланы кітап оқуға баулудың бес амалы

Жоқ, кітап оқымайтын бала болмайды. Қызықтыра алмайтын ата-ана, мұғалімдер, үлкендер деуіміз керек. Ол кеше туған баланың ойында кітап туралы ешқандай түсінік жоқ. Егер кітапты сатып әкеліп, «ой қандай тамаша, кел оқиық» деп уақыт бөліп бірге оқитын болсақ, кез-келген бала қызығады. Бірақ, мұны ертерек бастауымыз керек. Тіпті, бір жастан бастап балаға кітаптың суреттерін көрсетіп еліктіре бастаған дұрыс. Сонда ғана баланы кітап оқуға баурай аламыз. 

Бүгінде қазақ тіліндегі балаларға арналған қызықты кітаптар жеткіліксіз…

Қазір суреттері әдемі, қағазы сапалы кітаптар баршылық. Бірақ көбінің ішкі мазмұны ойға қона бермейді. Тілі ауыр, оқиғалары мәнсіз екенін байқау қиын емес. Сосын бізде балалардың жүрегін жаулап алған, аузынан түспейтін, кітаптағы кейіпкерлері түстеріне кіретін Қазақстандық балалар жазушылары жоқ. Тіпті, балаларға «қандай балалар жазушыларын білесіңдер?» десең мүдіріп қалады. Сондықтан, бұл ойланатын мәселе…

Уақыт өте электронды кітаптар алға шығып, қағаз кітаптар жойылады деген пікірлер болған…

Егер кітап рыногын барласақ,  мүлде олай емес екен. Қайта қазір  дамыған елдерде қағаз кітаптардың жаңа «бумы» басталды деуге болады. Жапония, АҚШ сияқты елдерде кітап өндірісі дамып жатқаныны туралы ақпараттар таралып отыр. Бұл өркениет қанша дамығанмен, адам және оның адами болмысы өзгермейтінін көруге болады. Сондықтан, әр заманда адамға электронды кітап емес, жастанып жатып оқитын қағаз кітап керек.

Мен бүгінгі балаларға қандай кітаптар жазылғаны абзал деген тақырыпта көп ойланамын

Егер әлем елдеріндегі кітап рыноктары туралы ақпараттарды  барлап сөйлейтін болсам,  әйгілі тарихи тұлғалардың балалық шақтары туралы көркем туындылар  мен  фантастикалық кітаптар жақсы өтуде екен. Яғни, біз де балаларымызға  Абайдың, Шоқанның балалық кезеңдерін бейнелейтін көркем әдеби кітаптар ұсынайық, өз фантастикамызды жазайық, аударма емес. Түрлі ақпарат беретін энциклопедиялар жақсы, бірақ олар көркем туындының орнын баса алмайды.  Онда ішкі рухани әлем жоқ. Сондықтан, балаларымызға көп көп көркем туындылар керек. Мен осылай ойлаймын.

Түрлі зерттеулерді саралай келе әрі өз тәжірибеме сүйеніп, мен балаға кітап оқытудың бес амалын түйіндедім. Қажетіңізге жараса, қуаныштымын.

Балаға кітап оқытудың бес амалы:

1. Балаға кітап оқып беруді бір жастан бастау керек.

2. Балаға кітапты анда-санда емес, күнде аздан оқып беруді әдетке айналдыру керек.

3. Бала өз бетінше кітап оқуға әдеттенгенге дейін, ата-ана кітапты бірге оқуы керек.

4. Жақсы кітапты талғап беру керек.

5. Кітап сыйлауды дәстүрге айналдыру керек.

media-school.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 7766
0 пікір
Блог туралы