Баланы еңбекке баулу оның құқығын бұзу болып табыла ма?
Баланы еңбекке баулу оның құқығын бұзу болып табыла ма?

аланы еңбекке баулу, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу педагогиканың басты мақсаттарының бірі. Өйткені, білімнің өзі балаға еңбексүйгіштік арқылы егіледі. Еңбек еткісі келмей, масылдыққа бой ұрған бала білім алып жарытпайды.

Еліміздің білім беру саласында еңбектің осыншалық маңызы зор екенін түсінбейтін шенеуніктер шығыпты. Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиевтің айтуына қарағанда, Білім беру министрлігінде Раиса Шер деген ханым басқаратын Балалар құқықтарын қорғау деген комитет бар екен, міне, осы комитеттің «шаш ал десе бас алатын» шенеуніктері мектептердегі балаларды еңбекке баулу шараларына қарсы шығатын көрінеді. Мәселен, Балалар үйлеріне барып, сендер еден жумаңдар, кезекшілік атқармаңдар, тәрбиешілер мен мұғалімдер мәжбүрлейтін болса бізге хабарласыңдар дейтін көрінеді. Сөйтіп, балаларды тәрбиешілеріне қарсы қойып, олардың саусақ үшін қимылдатпауларын қадағалайтын көрінеді. Сол сияқты осы комитеттің шенеуніктері Оңтүстік Қазақстанның  Мақтаарал ауданында ата-анасына көмектесіп, мақта жинасып жүрген балаларды алқаптардан қуғанын естідік. Базарларда сауда жасайтын шешесінің қасына барып, көмектесетін балаларды да қудалап жүрген көрінеді.

Шенеуніктердің сондағы сүйенетін құжаты – БҰҰ-ның Балалар құқықтарын қорғау мен оларды жас басынан ауыр еңбекке жекпеуді қадағалайтын Конвенциясы екен. Біз де осы Конвенцияға қол қойғандықтан оның талаптарын мүлтіксіз орындауымыз керек дейтін көрінеді шенеуніктер.

Бұл тамаша құжат, өйткені, кейбір дамушы елдерде балаларды 15 жасқа толмай жатып ауыр жұмыстарға қабылдайды. Сөйтіп, олардың әрі қарай өсуіне, білім алуына кесел келтіреді. Сондықтан, баланы үлкен адам ғана шыдайтын ондай жұмыстарға қабылдамауды, әрине, қадағалаған жөн. Сонымен бірге, балалар еңбегін қанап, оларды зорлықпен ауыр жұмыстарға жегетін, тіпті, қылмыстық істерге итермелейтін  жағдайлар да болады. Міне, осылардан балаларды әлем болып қорғаған өте дұрыс. Конвенция сол үшін қабылданған.

Ал бізде ше? Егер Балалар үйінің ересек оқушылары өздері тұратын жердің еденін кезекпен жуып отырса, гүлдерге су құйып, шаңдарын сүртсе, айналасы 1-2 сағатта бітетін осындай жеңіл жұмыстарды атқарғаны үшін құқығы бұзыла ма? Тіпті, мектеп бағдарламасында еңбек сабағы деген бар ғой. Онда да оқушыларды жеңіл жұмыстарды атқаруға, кейбір қол еңбегімен атқарылатын кәсіптерді игеруге баулиды емес пе?!

Сондай-ақ, ата-анасына болысып, бір мезгіл мақта теріссе, ол баланың құқығын бұзған бола ма? Ата-ана өзінің баласын мәжбүрлеп, қиын жұмысқа ешқашан салмайтыны белгілі ғой. Аталмыш шенеуніктерге қарағанда ата-ананың өзі баласына көбірек жаны ашымай ма? Немесе, базарда тұрып сауда жасайтын ана баласына шамадан тыс ауыр жәшіктерді көтертіп, жүктерді тасытпасы белгілі. Ал сабақтан тыс уақытында келіп, анасы бір жерге бұрылып кеткенде, 1-2 килә алманы немесе басқа жеміс-жидекті, болмаса маталық бұйымдарды сатып алушыға алып бергеннен, сөйтіп саудаға дағдыланғаннан баланың құқы бұзыла ма? Әрине, бұзылмайды, керісінше бала кәсіпке баулынады.

"Міне, осындайларды айырмай, қит етсе шапқылап, жұмыс істеп жатқан бала көрсе қожаңдап шыға келетін осындай комитеттің, оның толып жатқан қызметкерлерінің бізге керегі жоқ деп санаймын. Сонымен бірге, ол мектепке мүлде бармай, әке-шешесімен бірге саудада жүретін (көбінесе көрші мемлекеттерден келген мигранттар) балалар да болуы мүмкін. Ондайларды жоққа шығаруға болмайды. Сондай-ақ, жетім баланы өгей әке немесе өгей шешенің ауыр жұмыстарға салуы мүмкін. Алайда ондайда балалардың құқын қорғайтын арнаулы қамқорлық қызметтері бар. Сондықтан, аталмыш, арнайы комитетті жойып, тек осы жетім балалар мен мектепке мүлде бармайтын балалардың құқын қадағалау қызметін ғана қалдыру керек. Сонда мемлекеттік бюджет те керексіз шығыннан біршама азаяр еді", дейді депутат Талғат Ерғалиев.

Жақсылық Қуандықов

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 4986
1 пікір
  • Абай атамыз "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген деп құлақтарына құямыз. Сосын "жұмыс істеме, еңбек етпе" дейміз. Қызық екен.
    8 жыл бұрын
Блог туралы