Бала батарея жұтып қойды: қалай көмектесу керек?
Бала батарея жұтып қойды: қалай көмектесу керек?

Маңғыстау облысы балалар ауруханасының эндоскописі Қазбек Келаманов Tengrinews.kz тілшісіне балаңыз батарея, тиын немесе сол секілді басқа да заттарды жұтып қойса не істеу керек екенін айтып, оның алдын алу жолдарын баяндады.

Реанимациядағы он жыл мен эндоскопиядағы бес жылында дәрігер түрлі жағдайларға тап болған. Күн сайын ауруханаға түрлі заттарды жұтып қойған балалар түсіп жатады. Көбіне балалардың назарына тиындар, батареялар мен ойыншықтардың кішкентай бөліктері ілігеді. Бұл заттар бронх-өкпе жүйесіне, асқазан-ішек жолы мен аш ішекке өтіп кетеді.

Баланың бөгде затты жұтып қойғанын қалай білуге болады

Әдетте бұл баланың әрекеттерінен анық байқалады. Баланың тыныс алуы мен жұтуы қиындап, сілекей әдеттен тыс көп ағады, ерін мен мұрын арасындағы үшбұрыш көгере бастайды. Әр қозғалысы ауыруға алып келеді. Бұл жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Әр ауруханада балалар анестезиологы, эндоскописі болады. Олар баланың организмінен бөтен нәрсені алып шығады. Қазбек Келмановтың айтуынша, баланың нақты нені жұтып қойғанын біліп алу керек. Мысалы, батарея қышқылдана бастауы мүмкін, егер оны уақытында шығармаса, асқазан жолы жарақаттанады.

Дәрігер бөгде нәрсе тыныс алу жолына түсіп кетсе, өте қауіпті болатынын ескертті. Бұл заттар ауаны шектеп тастауы ықтимал, егер уақытында көмек көрсетілмесе, бала бірнеше минуттан соң өліп кетеді.

"Тыныс алу жолдарына тағамдар да түсіп кетуі мүмкін, бұлар - шекілдеуік, жаңғақ, нан қиқымы, алмалар. Алмалар - бұл бөлек әңгіме. Олар ауатамырының тармақтарына түсіп кетсе, ісу процесін тез бастайды. Ал рентгенде ол әдетте көрінбей қалады. Эндоскопиялық тексеріс керек. Қаншалықты тез алып тастасақ, ісу процесі соншалықты аз болады. Бұл процедурадан кейін сол ауатамырын жуып, тазалау үшін динамика бойынша бір тексеріп шығу керек", - дейді эндоскопист.

Бала бір нәрсе жұтып қойса, оған қалай көмектесу керек

Егер бала түйіліп қалса не бөгде нәрсе жұтып қойса, оған ата-анасы алғашқы көмек көрсете алады. Баланың басын жерге қарата өз білегіне жатқызып, жауырынынан алақанмен бірнеше рет ақырын ғана ұру қажет.

Көп жағдайда эндоскопист дәрігерлер баланың организмінен бөгде затты алып шығады. Қазбек Келамановтың тәжірибесінде балалардың магниттер, батареялар, тиындар, ойыншықтадың кішкентай бөліктері, сүйектер, ілгектер жұтып қойған кездері болған. Оларды баланың организмінен алып шығу үшін дәрігерлер екі құрылғыны пайдаланады - дормиа себеті мен "қолтырауын" қысқашы.

Дәрігердің айтуынша, организмнен бөгде заттарды алып шыққан соң да, өлім жағдайлары тіркелетін кездер болады екен. Эндоскопистер ата-аналарға өз балаларына мұқият қарауды ұсынады. Үйдегі барлық кішкентай заттарды тығып қоюға кеңес береді.

"Балалар әлемді сезіну органдары арқылы таниды, барлық нәрсені аузына салып, дәмін көруге тырысады. Бұл тұста ата-аналар өз балаларын бақылауы керек. Баланың еш кінәсі жоқ. Ата-аналар барлық заттарды көрінетін жерден алып тастауы тиіс", - дейді дәрігер.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
6 жыл бұрын 2896
0 пікір
Блог туралы