Ауызашарға кімдердің келгені дұрыс?
Ауызашарға кімдердің келгені дұрыс?

Ораза уақыты басталғаннан аңқылдаған ақкөңіл қазақ ауызашар беруге асығады. Рамазанның отыз күніне жіпке тізілгендей болып көршілерімен кезекке тұрады. “Біздің үйде Рамазанның мына күні ауызашар болады. Соған келіңіздер!” деп алдын-ала ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырып қояды. Жиған қаражатына азық-түлік алып, малы болмаса базардан мал алып, арнайы ауызашарға деп сол малын сояды. Ауыз бекіткен жандар қалағанынша қалағанын ішіп-жесін деп бар тағамын, жеміс-жидегін, сусынын, қолдан жасаған бәліштерін, тоқаштарын молынан дастарханқа қояды. Ораза ұстаған жан ауызын ашсын деп “құрма” деген жемісті ерекше ыдысқа салып қоятыны тағы бар. Ауызды құрмамен ашу жайында Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: "Ораза ұстағанда, ауыздарыңды құрмамен ашыңдар. Құрма таба алмасаңдар, сумен ашыңдар, өйткені су тазартатын қасиетке ие"  (Әбу Дәуіт, Саум 21; Тирмизи, Саум 10).

Ал енді ауызашарға кімдердің келгені дұрыс? Ауызашарға кімдерді шақырған сауаптырақ? Қазіргі кезде көп адамдар ауыз бекітпейді. Берілетін сауабынан бейхабар ма, әлде Алласынан қорықпай ма? Айтатын себептері де мардымсыз. Ауыз бекітпеуге себеп болатын жағдайлар саусақпен санарлық ғана. Мысалға, асқазаны қатты ауыратын, тамақ ішпесе өліп кету қаупі бар адамдар, екіқабат әйелдер, бала емізетін әйелдер, науқас адамдар, сапарлатып жүрген жандар, бірақ сапардағылар үйіне оралған соң бір күнге бір күн тұтпаған оразасының қазасын өтеп береді. Әлі жоқ, қауқарсыз қарт адамдарға ауыз бекіту парыз емес. Бұлардан басқа қалған пенделердің барлығына ораза парыз етілген. Жоғарыда айтылған белгілі себептері жоқ көп адамдар ораза ұстамай-ақ жүре береді. Онысы былай тұрсын, кешкі ауызашарлардан қалмайтынын қайтерсің. Ауызашар жасағаннан кейін ораза ұстаса да, ұстамаса да көршіні, ағайын-туысты шақырмай қоя алмайсыз. Ораза ұстамағанымен қоймай шақырылмай қалса өкпесі қара қазандай болатын жандарға қайран қалам.

Ауызашар деген Алла разылығы үшін ауыз бекіткен жандардың ішіп-жеп қарнын тойдыратын кеші. Ал онда себепсіз ауыз бекітпеген жандардың баруға хақысы жоқ, тіпті олар ұялу керек. Ал бірақ қазіргі кездерде ауызашарларда ораза ұстағандардан, ораза ұстамағандардың қарасы көбірек. Бір күні Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне дәм ұсынған сахабасының дастарханында отырып былай деп дұға жасаған екен: “Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастарханыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Аллаһтан рақым, жарылқау тілесін!” Расында ауызашар жасаған үйдің дастарханынан тек ауыз бекіткендер дәм татуға тиісті. Жарайды делік, бір көршіңізді немесе туысыңызды ауызашарға шақырдыңыз. Ал сол шақырған үйден бір емес бірнеше адам келетінін қайтерсің. Олардың бәрі ораза ұстаса қуанасың ғой. Алайда азаннан қара кешке дейін қарнын тамақпен, сумен қалаған уақытында тойдырып жүргендер. Оларға не дерсің!?

Сүйікті Елші Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: “Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді (Тирмизи, Саум, 82). Аузы берік кісіге ауыз аштыру хадистен байқап, ойлап қарасаңыз қандай сауап екенін көруге болады. Аузы берік емес кісіге не деп ауыз аштырасыз?! Тағы бір хадисінде Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: “Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады (Бұхари, Саум 9; Муслим, Сиям). Ал енді қараңызшы, бірнеше мұсылман бауырыңыз дастарқанызда қуанышын бөлісіп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Бұдан сіз тағы да сауаптан кенде қалмайсыз.

Қысқасы, ауызашар кешіне ауыз бекітпесеңіз бармай-ақ қойыңыз! Ауызашарға шақырса: “Ниет қабыл болсын!” деген тілегіңізді айтып, шаруаңызды істеп жүре беріңіз. Ал егер ауыз бекіткен жан болсаңыз шақырған ауызашардан қалмаңыз. Себебі ауызашар беруші сіздің сауабыңыздан үміт етіп шақыруы мүмкін. Осы тұста жоғарыда айтылған хадисті тағы да келтіре кетейік. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді (Тирмизи, Саум, 82) -деген. Ораза ұстаған жан шақырылмаған ауызашарға баруға да құқығы бар. Дегенмен қазіргі кезде жағдайға қарап көреді.

Сонымен, құрметті ағайын! Қасиетті Рамазан айында дастарқандарыңыздан аузы берік жандар дәм татсын! Үйлеріңізде діндар, тақуа, салиқалы, қадірлі жандар қонақ болсын! Дастарқандарыңыз әрдайым адал, таза тамақтарға толы болсын демекпіз!

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
9 жыл бұрын 9427
0 пікір
Блог туралы