Бұл туралы кәсіпкер Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
F: Аршат, Cіз қай жерде дүниеге келдіңіз? Қайда білім алдыңыз? Негізгі мамандығыңыз қандай?
- Мен 1989 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласында дүниеге келдім. Сол қалада білім алып, 1997 жылы отбасымен Алматы қаласына көшіп келдік. Ал онда №87 орта мектепте білім алып, 2007 жылы Алматыдағы ҚазНТУ, қазргі Satbayev University-не оқуға түстім. Алғашқы мамандығым инженер- металлург. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты металлург боламын деп армандаған едім. Бірақ өкінішке орай, бұл арманым отбасы жағдайына байланысты орындалмай қалды, содан Алматыда жұмысқа орналастым. Араға уақыт салып, 2012 жылы ҚазЭУ (Нархоз) оқуға түстім, одан кейін бірқатар жекеменшік компанияларда жұмыс істеп жүріп, 2014 жылы экономика және менеджмент факультетін бітірдім.
F: Шымкентке қай кезде бардың? Алдын ала бизнес жоспарың болды ма? Алматыдан Шымкентке көшудегі мақсат қандай болды?
- Иә, бұл идеяның өз тарихы бар. Біз, яғни достарыммен 2018 жылдың желтоқсан айында, жаңа жылды шетелде қарсы аламыз деп шешім қабылдадық. Сол демалыста достарымның бірі Шымкент қаласына келуге ұсыныс жасады. Мен Алматыға келген соң жауабын айтам дедім. Бір айға жуық ойландым, ата анаммен ақылдастым. Ал 2019 жылдың ақпан айының соңында Шымкент каласына көшіп келдім. Мақсатым - өзімнің жинаған тәжірибемді Шымкент қаласында жүзеге асырғым келді. Ал 2019 жылдың сәуір айында «Taza Onim» шаруа қожалығын аштым. Осылай тәуекелге бел буып, үлкен жұмысты бастадым. Әрине, оңай болған жоқ.
F: Кәсіп ашу үшін үйіңді сатыпсың, 2,2 млрд теңге несие алыпсың. Бұл қаржы қайда жұмсалды, оған не аштың?
- Иә, кез келген істі бастау үшін бастапқы қаржыны талап ететіні белгілі. Мен бұл шаруа қожалығын ашу үшін ең алдымен Алматы қаласындағы ата-анамның үйін кепілге койып, автокөлігімді сатып, «Аграрлык несие Корпорациясы» АҚ несие алып, оған 1-ші кезеңде 3 гектар жылыжай салынды. Ал 2019 жылдың желтоқсан айында 2-ші кезеңін жүзеге асырдық, бұл кезде 6 гектар жылыжай салынды. Жобамыз 2020 жылдың шілде айында аяқталды. Жалпы, несие шарты 8% болды, оны 10 жылға алдық. Ал Үкімет тарапынан 25% субсидия ретінде көмек берілді.
F: Жылыжайлардағы жұмыс нақты қай кезде басталды, онда не ектің, бүгінгі нәтижесі қандай?
- Жылыжайда ең табысты жұмыс уақыты негізінен ақпан айынан бастап, мамыр айына дейін болады. 2020 жылы көктем мезгілінде 3 гектардан 850 тонна қияр жинадық, бұл дегеніміз шаршы метрінен 31 кг өнім. Ол Шымкент қаласында ең үлкен көрсеткіш болып саналады. Бірақ баға жағынан келетін болсақ, сол жылы Шымкент қаласында блок-бекеттер қойылып, жұмысқа бірқатар кедергілер болып, баға төмендеп кетті. Ал 2020 жылдың шілде айында косымша 6 гектар жылыжай іске қосылып, онда қызанақ отырғызылды.
F: Жылыжайлар қалай істейді, технологиясы қандай?
- Иә, біздің өз технологиямыз бар. Кешендер түріктердің технологиясымен жұмыс істейді. Бәрі автоматтандырылған жүйе бойынша іске асады, онда 12 үлкен пеш орнатылған, жылыжайлар қыста көмірмен істейді.
F: Бүгінгі күні өнімдеріңiзді қайда жөнелтесіздер? Нарықтағы бағасы қандай?
- Біз негізінен ішкі нарыққа жұмыс істейміз, сонымен қатар жылыжай өнімдері жуырда экспортқа шығарыла бастады. Бүгінгі күні жемістерімізді Шымкент қаласындағы жергілікті базарлар алады. Сонымен бірге, Алматы, Қарағанды, Балқаш, Павлодар, Ақтобе, Семей қалалары үлкен жүк таситын көліктермен өздері алып кетеді. Ал экспортқа келсек, жуырда Мәскеу мен Бішкек қалаларына жіберіп үлгердік. Оларға біздің өніміміздің дәмі мен сапасы өте ұнады. Сұраныс өте жақсы. Бұл есіл еңбектің нәтижесі шығар. Ал баға туралы айтатын болсақ, әрине әртүрлі болады. Себебі нарықтағы баға күн сайын өзгеріп тұрады.
F: Қазіргі күні қанша адам жұмыс істейді? Олар кімдер, табыстары қандай?
- Бүгінгі таңда біздің жылажайларда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға барынша жағдай жасауға тырыстық. Мысалы, түскі асы тегін. Жазда күн ыстық болғаннан кейін жұмыс уақыты таңғы 06:00-ден бастап түскі 15:00 дейін жалғасады. Сонымен қатар жаз мезгілінде күніне адам басына 2 500 теңге бөліп, олаға жеке автобус жалдаймыз, арнайы көлік оларды үйлерінен алып кетеді және қайта жеткізеді. Ал қыс мезгілінде күніне адам басына 3000-3500 теңге қарастырылған. Жұсысшылар көбіне сол Шымкент қаласының шетінде тұратын адамдар және жұмысқа сол жерлерден келіп кетеді. Олардың ішінде зейнет жасына толғандар, көп балалы аналар, отбасылар және кәмелет жасына толған жастар бар. Сонымен қатар жұмысшыларымызға көмек пен қолдау жасаймыз. Бізде еңбек ететін адамдарға, қасымыздағы ауылдарға, көп балалы отбасыларға, жетімдер, қарттар үйіне біздің жылыжайда өсірілетін өнімдерімізді тегін таратамыз. Осылай кішікентай болса да қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз.
F: Мамандар мәселесі қалай шешілді?
- Агрономымыз Ресей азаматы. Оны арнайы шақырттық, себебі бұл салада 15 жылдан астам тәжірибесі бар екен. Краснодардың маманы, өз әулетіндегі бесінші агорном,11 гектар жерде бас агроном болған. Жалпы Краснодар мен Шымкент қалаларының климаты өте ұқсас, мен ол кісімен Ресейде, аграрлық конференцияда таныстым.
F: Тәуекелге барудан қорыққан жоқсың ба? Осындай іс бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едің?
- Еш қорқыныш болған жоқ. Жас болған соң бәрін көру керек. Біздің елдегі табысты кәсіпкерлердің бәрі де осылай жоқтан бастаған. Қазақта мақал бар ғой: «Қөз қорқақ, қол батыр деген». Жас касіпкерлерге айтарым: әр қадамынан қорықпау керек, қазір қандай кәсіппен айналысқысы келсе, бәрі ашық, мүмкіндік бар. Тек бәрі өз қолдарыңызда. Тек қана сенім керек, аянбай еңбек ету керек, сонда ғана бейнеттің дәмін татасыздар!
F: Жер мәселесі қалай шешілді? Жылыжайды кез келген жерге салуға бола ма?
- Жер жекеменшік. Өзімдікі. Жылыжайдың бір ерекшелігі қыс мезгілінде отырғыза беруге болады. Өнімдер жерге емес, арнайы минераловатный субстратқа егіледі. Ал жерге отырғызылса және өсімдіктер ауыратын болса, онда тең жартысын алып тастау керек. Ал бұл жерде олай емес, яғни жұғатын болса, астын ауыстырып, басқаларына таралуын алдын алуға болады. Ал жылыжайдағы температура қыс мезгілінде +23,+25 градус болу керек. Ал жаз айында температура әртүрлі, бұл ауа райына байланысты. Қатты ыстық болса, теплицанын ішіндегі перделер автоматты түрде жабылады. Яғни, бұл жүйе қатты ысығанда күн сәлесінен қорғайды және ыстық болса су тамшылары іске қосылады, іші салқын болады.
F: Қазіргі табыс қандай? Жоба ақталды деуге бола ма?
- Әрине, пандемия біздің де кірісімізге кері әсер етті. Үлкен деп айта алмаймыз. Бірақ жағдай оңалады деген сенімдеміз!
F: Алдағы жоспар қандай, қосымша жылыжай ашу жоспарда бар ма?
- Алдағы жоспарда тағы да қосымша жылыжай ашып, 150-200 адамды жұмыспен қамтып, өзіміздің өнімімізді бүкіл Қазақстан қалалары мен аймақтарына жіберуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар көрші елдердің нарығына шығуды ойлаудамыз. Бұйырса ол күнге де жетерміз деген сенімдеміз. Әрине, жоспарымыз көп. Оларды ретімен іске асыруға тырысамыз.
forbes.kz