Цифрлық технология ғасыр талабы болғандықтан әлемнің қай бұрышында жүресек те телефон желісін пайдалануға мүмкіндік барын білеміз. Дегенмен, әлдекіммен тілдеспек түгілі, хат жаза алмайтын, тіпті телефон ұстауға болмайтын жерлерді Baq.kz ақпарат агенттігі топтастырып шықты.
Кифука, Конго демократиялық республикасы
Кифука – әлемдегі ең қауіпті аймақ. Статистикаға сәйкес, әрбір шаршы шақырымға жылына 158 рет найзағай түседі екен. Сондықтан электрондық-сәулелік құрылғылар пайдалану – өзіңді өлтіргенмен тең.
Грин Бэнк, АҚШ, Батыс Вирджиния
Грин Бэнк — ең үлкен телескоп орналасқан қала. Телескоп ғарыштың әлсіз сигналдарын қабылдайды. Сол себепті электромагниттік-сәулелі құрылғыларды пайдалануға тыйым салынған. Wi-Fi, телефон желісі, тіпті рацияны да қолдануға болмайды.
Мотуо, Қытай
Мотуо аймағы Тибетте орналасқан. Жергілікті буддистер аймақты киелі санайды. Мотуоға жету өте қиын. 200 метрлік аспалы көпір және мәңгі тоң жолыңызға кедергі келтіреді. Халық қоныстанбағандықтан фаунасы ерекше.
Мули, Фарер аралдары
Бұл жердің ауа райы болжауға келмейді, өмір сүруге ешқандай ресурстар жоқ. Соған қарамастан бұл жерде төрт жергілікті тұрғын өмір сүреді. Туризм дамымаған. Ұмыт қалған жерде коммукацияның ауылы алыс.
Питкэрн аралы, Тынық мұхиты
Питкэрн аралында бар-жоғы 50 шақты адам өмір сүреді. Өркениетке қатысты дүниенің ешқайсысы жоқ. Әлемнің басқа бөлігімен арал тұрғындары айына бір рет келетін кеме арқылы ғана байланыса алады екен.
«Академик Вернадский» станциясы, Галиндез аралы, Антарктика
«Академик Вернадский» станциясы Украинаның Антарктикада орналасқан жалғыз бекеті. Спутник арқылы байланысқа шықпаса, интернеттің күші электронды хат жіберуге де жетпейді.
Вайау Лаут, Филиппин
Жергілікті тұрғындар «теңіз сығандары» деген атқа ие болған. Себебі: өмірінің көп бөлігін суда жүзетін үйлерде өткізеді, жағаға өте сирек шығады. Вайау Лаут өмір сүруге пайдасыз жерлердің тізімінде тұр. Бұл жерде таза су да, электр тогы да жоқ. Әлеммен байланысқа түсу қиямет қайым.
Сокотра аралы, Үнді мұхиты
Сокотра аралының артықшылығы – әлемнен әлдеқайда оқшауланған. Мұнда өзгеше өсімдіктер өседі. Шамамен 42 мың жергілікті тұрғыны бар. Халықтың осыншама санына қарамастан, өркениеттің жақында орнауы мүмкін емес.
Оймякон, Якутия
Оймякон ауылы – жер шарындағы ең суық елді-мекен. Ең төменгі температура -71°С. Мұндай суықта телефоннан бастап бәрі үсіп қалады. Жаз мезгілінде аптасына бір рет ұшақ ұшады екен. Сыртқы қарым-қатынас сол кезде ғана орнайды.
Гораи, Үндістан
Гораи - өмір сүру салты медитациямен тығыз байланысты кішкентай ауыл. Телефон, планшет, гаджет құралдарымен мұнда кіргізбейді. Мұнда сіз қарапайым ғана ұйықтау, тамақ жеу, демалу, медитация жасау сынды позицияда өмір сүресіз. Телефон құрылғыларын пайдаланбағандықтан байланыс та жоқ.
Алғашқыда телефонсыз қалай өмір сүрем деп ойлаған шығарсыз. Кифуканың найзағайын, Оймяконаның суығын айтпағанда күйбең тіршіліктің қым-қуыт тірлігінен шаршаған сәтте осы аймақтарға саяхаттауға әбден болады.