"Алаяқ" мысық адамдарды тұзағына түсіруде (видео)
"Алаяқ" мысық адамдарды тұзағына түсіруде (видео)

Түркияның Стамбул қаласында ерекше ақылды мысық адамдарды өзінің тұзағына түсіріп, айтқанын орындатып жүр деп жазады Kznews.kzақпараттық порталы Mynet.com сайтына сілтеме жасап.

Стамбулдың Кадыкөй ауданындағы бір дүкенде Нүкте атты мысық дүкенге келгендерді түрлі айла-шарғымен тұзағына түсіріп, дегенін орындатуда. Мысықтарға арналған тамақ сататын бөлімде өзіне жайлы орын реттеп алған Нүкте әр келген клиентті арнайы кұтіп алады да, соңынан өзі сүйетін тамақты алдыртудың амалдарын орындай бастайды. Адамдардың біріне аянышты көздерімен қарап, мияулап аяққа оратылса, енді бірінің алдынан шығып, жылаңқы үн шығаратын мысықтың қалауы – сөредегі сүйікті тамағын алдыру.

Кейде бұл ойы жүзеге аспай жатса, аштықтан бұратылған кейіпке еніп, тіпті қажет болса, талып түскен болып, созылып жата кетеді екен. Дүкен басшысы Айфер Күчүк бұл мысық күні бойы кемі он дана тамағын адамдарға алдырып, армансыз өмір үріп жатқанын айтып күледі. «Бірде ешкім мысыққа қалаған тамағын әпермей қойды. Сол кезде мысықтың тапқан айласы бәрімізді таңғалдырды. Ақсаңдап әрең жүрген кейіпке енген мысық бір кезде жылаған аянышты дыбыс шығаруды бастады. Не істер екен деп бұл әрекетіне де назар аудармадық. Кенет әлгі аянышты дыбыспен сылқ етіп жерге өзін тастай салған ол дәп бір талып түскен адамдай созылып жата кетті.

Алғашында мысықтың бұл әрекетіне біз де сеніп қалдық. Расымен аштықтан бұратылып құлаған шығар деп жанына кеттік. Оның сүйікті тамағына қолымызды созғанымызда, алаяқ мысық та орнынан қарғып тұрды»,- деп күледі бұл мысықты жұртқа әлеуметтік желіде таныстырған Озан Гөксу. «Мысықтың әрекетін әлеуметтік желіде бөліскенімде, «бұл алаяқ мысықтың тұзағына мен де түскем» деген пікірлер қарша борады»,- дейді Озан.

Стамбулда танымал мысыққа айналған Нүкте бұл күнде дүкенге кіріп-шыққан әрбір адамға тамағын алдыртып, алшаңдай басып, армансыз өмір сүруде.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 жыл бұрын 2383
0 пікір
Блог туралы