АДАМҒА ІСТЕГЕНІҢ АЛДЫҢА КЕЛЕДІ
АДАМҒА ІСТЕГЕНІҢ АЛДЫҢА КЕЛЕДІ

Осыдан екі апта бұрын қаланың батыс бөлігінде жұмыс істейтін таныс апайымыздың жұмыс орнына барып, бір істі ақылдасу керек болды.

Үнемі қызу жұмыс, шабыт үстінде жүретін апайымыз сол қалпынан танбаған күйі бізді қарсы алды. Өңінде ерекше бір таңғалыс бар. «Білесің бе, адамның адамға істегені алдына айналып келетіні рас екен», – деп басын шайқап, ойлы көзбен бір қараған апайымыз, жұмыс істеп отырып, бізбен әңгімесін бөлісуге асықты.

– Осыдан 20 шақты жыл бұрын Алматыға енді көшіп келген кезіміз болатын. Ауылдағы бүкіл туған-туысты өзім асырай­тындықтан, үлкен жауапкершілік артып алғанмын. Бір күні көшеде сіңліммен келе жатып, бірнәрсеге келіспей қалдық. Қатты сөйлеп жіберген болуым керек, сіңлім бір кезде «өлемін» деп машинасы шуап жатқан жолға шығып кетті. Үлгермей қалдым. Ол қорықпай ғана қарсы келе жат­қан машинаның астына өзі түсіп кетті. Жүргізуші бірден тоқтады да, сіңлімнің жанына жүгіріп барды. Ұлты орыс әйелі мен күйеуінің есі шығып кеткен. Менен кешірім сұрап, сіңлімнің асты-үстіне түсіп, өздері ауруханаға алып кетті. Ауруханаға барсақ, олар бірден милиция шақырады екен. Сіңлім біраз еркелеп, «ауырып тұрмын» дегенімен, қорқатындай ештеңе болмаған. Жәй ғана аяғының еті ауырып қалыпты. Әлгі жерде көлік иесінен басқаның бәріміз қазақпыз, ақылдасып тұрмыз. Ол кезде орыстардың қазақша түсіне бермейтін кезі. Күйеуі мен әйелі қайта-қайта жаутаңдап, маған қарайды. Заң бойынша мен арыз жазуым керек еді. Бірақ, жүргізушінің түк кінәсі жоғын біліп тұрмын. Сіңлім өзі барып машинаның астына түсті. Бір кезде милиция мені үгіттеп, «мыналардың үстінен арыз жаз, сосын ақша талап етеміз, бұларда ақша бар, кейін екеуміз бөліп аламыз» дейді. Шошып кеттім. Адал жолмен таппаған ақша ас болмайды. Адамның обалына қалу деген табиғатымда жоқ нәрсе. Келіспей қойдым. Болған жәйтті түсіндіріп, олардың кінәлі емес екенін айттым. Бірақ милиция болмай қойды. «Тым болмаса, арыз жазып бер» дейді. Әділетсіздікке ашуланған мен милицияға қатты-қатты айтып тастадым да, сіңлімнің де еш жеріне зақым келмегенін медициналық анықтамамен растап, жөнімізге қайттық. Сонда әлгі орыстардың разы болғанын көрсең ғой. Қайта-қайта алғыс айтып, сіңліме түрлі тәттілер әкеліп, үйге бір айдай келіп жүрді. Адам үшін ең қымбат дүние — уақыт қой. Өздері Құдайға қараған отбасы екен. Әрең дегенде «келмей-ақ қойыңдар» деп көндірдім.

Содан бері ол оқиға ұмтылып кеткен. Қайбір күні жұмысқа келе жатып, қалай байқамағанымды білмеймін, жаяу жүргіншілер жолағынан бір қызды қағып кеттім. Шошығанда, есім шығып кетті. Ондай кезде «скорыйдың да» нөмірін ұмытып қалады екенсің. Бір  мезетте бүкіл өмі­рім көз алдымнан өтті. Енді ғана аяқтан тұра бастаға­нымда, отбасым мен анамның күні не болады деген ойлар зу-зу өтіп жатыр. Әрең дегенде есімді жиып, Қалқамандағы №7 ауруханаға алып бардым. Жолда бара жатып, қыздың ағасына хабарластым. Кешірім сұрап, шынымен байқамай қалғанымды айтып, ентігіп тұрсам, телефонның ар жағынан: «сабыр сақтап, терең демалыңызшы» дейді. Түсінбей қалдым. «Бір-екі рет терең демалыңызшы» дейді. Қорыққаннан есі шыққан адам демалуды ұмытып кетеді екен. «Қарындасым тірі болса, басқасының бәрі ештеңе емес, сіз саспаңыз, мен қазір дереу жетемін» деп мені жұбатып жатыр. Қатты таңғалдым. Дәрігерлік экспертиза да Құдайға шүкір, жақсы шықты. Бір кезде қыздың ағасы жігіттік танытып, «арыз жазбаймын» деп кесіп айтты. Мен мүлде күтпеген жағдай. Бір кезде милиция менен «сіз 20 мың теңге қалдырып кетіңіз, басқасының бәрі шешіліп тұр» демесі бар ма. Ол кезде қалтамда ондай ақшам да жоқ. Шынымды айттым. Бірақ, ол бой берер емес. Бір кезде әлгі орыс жігіт қалтасынан 20 мың теңгені суырып алып, мили­цияға берді де, барлық істі шеше салды. Сонда қарамайсың ба, қазақтың қазаққа жаны ашып тұрған жоқ. Әйтеуір, пайда тауып қалуды ғана ойлап тұр. Ал мен қарындасын қағып кеткен, айдаладағы орыс ұлтының жігіті маған қолын созып тұр. Мені танымайды да, бірақ, сеніп, мен үшін ақша да бере салды. Сонда жолда келе жатып, осыдан 20 жыл бұрынғы сіңліммен болған оқиға есіме түсті. Сол жолы орыс отбасына әділетсіздік танытсам, не болар еді? Өмірде кез келген нәрсе кездейсоқ болмайды екен, әрі өміріңдегі әрбір нәрсе адамның ниетіне қарай болатынына көзім жетті, – деп апайымыз әңгімесін бір деммен айтып шықты.

P.S. Бүгінде адам мен көлікке толы Алматы көшелерінде небір оқиғалар болып жатады. Сіз бен біз сондай түрлі жағдайларда әділеттілік танытып жүрміз бе? Ақты ақ деп айта аламыз ба..?

Не дегенмен, адамдардың ортасында болған дау- жанжалда бәрін Көруші – Құдайдың барын ұмытып кетпейік. Адамға жасаған қиянат, не жақсылық болсын Алла оны алдымызға келтіреді.

Әсел ДАҒЖАН

http://almaty-akshamy.kz/

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 6601
0 пікір
Блог туралы