42 500 теңге туралы ақпараттар - baq.kz
42 500 теңге туралы ақпараттар - baq.kz

Өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты.

Біржолғы төлем қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табыстан толық айырылу фактісі жоқ адамдарға, жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғаның қызметі қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуімен шектелмеген жағдайда төленбейді, - деді ол. 

Нұрымбетов толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарға біржолғы төлем алушының жоғалған табысы қалпына келтірілген жағдайда тағайындалмайтынын айтты.

Бұл төлем біржолғы, яғни шілде айына ғана төленеді. Алайда, өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады, – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұған дейін еңбек министрі 42 500 теңгені алудың тәртібін қайта түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, "студенттер әлеуметтік төлем ала ма" деген сауалға жауап берді.
Министр 42 500 теңгені алудың тәртібін түсіндірді 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында 42 500 теңгені алудың тәртібін түсіндірді. 

Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына ҰКП мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Ол үшін біз бірнеше жолды қарастырдық, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр порталдардың барлығы дайын екенін айтты. Олар түнімен тестілеуден өткізіледі. 

Жалдамалы қызметкер болып табылмайтын, төлем тағайындауға жататын азаматтар: egov.kz – "электрондық үкіметтің" веб-порталы; 42500.enbek.kz порталы, "Электрондық үкімет" telegram-bot-ы, Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен  интернет-ресурстары арқылы өтініш бере алады, - деді ол. 

Министр өтінішті бір рет қана беруді сұрады. 

Біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады, – деп толықтырды министр.
 
42 500. Төлемді заңсыз алғандар қандай жауапкершілікке тартылады?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында 42 500 теңгені заңсыз алғандар қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Жеке тұлға не кәсіпкер төлем алу шартына сай болса ғана өтініш беруі керек. Егер төлемді заңсыз алатындар анықталса, 42 500 теңгені төлеген сақтандыру қоры тарапынан төлемді қайтарып беру бойынша талап қоюы мүмкін. Жауапкершілік деген сол. Жұмыс беруші тарапынан ақысыз демалысқа кеткен, табысы шектелген азаматтарға өтініш беруі керек. Егер жұмыс беруші тұрақты жұмыс істеп жүрген азаматтары үшін өтініш берсе, бұл – заңбұзушылық, - деді ол. 

Нұрымбетов ондай жағдай анықталса, қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. 

Мемлекеттік сақтандыру қоры өзінің талабын қойып, қаржыны қайта өндіруді талап етеді. Егер оны орындамаса, ол сотқа жүгіне алады. Әрі қарай барлығы соттың шешіміне байланысты болады. Сондықтан ертең қосымша сұрақ туындамас үшін табысынан айырылғандарға ғана өтініш беруі керек, - деді ол.

Айта кетейік, еңбек министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі төлемді алудың тәртібін түсіндіріп, төлем алуға өтініштер қай уақытқа дейін қабылданатынын айтты. Сондай-ақ, студенттердің төлем алуына қатысты ақпарат берілді.
Экономикалық белсенді халық қатарына жатпайды. Студенттер 42 500 теңге ала ма?
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты. 
Студенттер мен декретте жүрген әйелдерге 42 500 теңге беріле ме, деген сұрақтар да бар. Бұл бойынша арнайы санат жоқ. Яғни, студент болғаны үшін 42 500 теңге берілмейді. Студент жалданып жұмыс істеп жатса, жұмыс берушісі өтініш береді. Жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ-ны төлеп тұрып, карантинде кәсібі тоқтаса, 42 500 теңгені алады. Осы күнге дейін еш жерде тіркеуде болмай, ресми жұмыс істемей, бейресми жасадым деген студенттер төлемді ала алмайды, - деді министр. 
Министр заңнама бойынша студенттер экономикалық белсенді халықтың қатарына жатпайтынын айтты. 
Оларды жұмыссыз ретінде тани алмаймыз. Ол кісілер жұмыссыз күштің санатына жатпайды. Декретте жүргендерге қатысты ереже өзгеріссіз қалды. Бала 1 жасқа толғанша сақтандыру қорынан төлем төленетіндіктен, оларға 42 500 теңге берілмейді. Ал баласы 1 жастан асып, жұмысқа шығып, карантин шаралары салдарынан ақысыз демалысқа кетсе, ол 42 500 ала алады. Жеке кәсіпкерлікке қатысты да осылай, - деді ол. 
Айта кетейік, 42 500 теңгені алу үшін өтініш ертеңнен басталады.

42500 теңге. Жұмыссыз жүргендер басқа төлем алады

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР президенті жанрындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты. 

Шілде айына төленетін 42 500 теңге төлеміне өтініштер ертең басталады. Ол бойынша ережелер әділет министрлігіне жолданды, бүгін тіркеледі деген үміттеміз. Төлемнің негізгі қағидаты жұмыс істеп жүріп, карантин шектеулеріне қатысты табысынан айырылған азаматтарға төленеді, - деді ол. 
Министр төлем алудың ережелерін тағы еске салды. 
Егер мен жұмыстан шыққан жағдайда өтініш қалай беріледі? деген сұрақтар келіп жатыр. Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жөн. Сіздерге сол жердегі бос жұмыс орындар туралы немесе өзге нұсқаларды ұсынады. Егер де ол сәйкес келмесе, 3 күн ішінде жұмыссыз болып тіркеледі. Оларға сақтандыру қорынан басқа төлемді, яғни жұмыссыздарға берілетін төлем төленеді. Ол төлем 6 айға дейін созылады, - деді ол.
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 жыл бұрын 2150
0 пікір
Блог туралы