Бүгінгі кейіпкеріміз жиырма жасында əлемге əйгілі Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, дүниежүзілік iOS құрастырушылардың конференциясына қатысқан тұңғыш қазақ жігіті.
Ыбырай Алтынсарин 20 жасында өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болып барған. Оған дейін ел ішіне мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы 4 жыл өз үйінде оқытады. Шоқан Уəлиханов 19 жасында «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты алғашқы ғылыми еңбегін жарыққа шығарып, бір жыл өткен соң Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін зерттейді. Міржақып Дулатұлы 20 жасында Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға араласып, патша үкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазуға қатысады. Осы ақпараттарды бұрын-соңды оқыған боларсыз.
Иə, расында оқымауыңыз мүмкін емес. «Сіз жиырма жасыңызда не істедіңіз?» деген сұраққа бүгінгі жастардың нақты жауап айта алмай, қашқақтап жататындары жетерлік. Ал бүгінгі кейіпкеріміз сол жиырмаға жеткенде əлемге əйгілі Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, дүниежүзілік iOS құрастырушылардың конференциясына қатысқан тұңғыш қазақ жігіті.
Кейіпкеріміз Талдықорғандағы инновациялық жобалар байқауына қатысып, 1,5 миллион теңге грант ұтып алған. Жас ғалым ретінде қазақ ғылымына қосқан үлесін есептесек, жоғарыда айтылған Алаш зиялыларына көрсетілетін құрметке лайық. Егер өмірі өзгеше өрілгенде қазақтан шыққан əйгілі IOS құрастырушы деп өзімен сұхбаттасар едік, бірақ амал нешік, тағдырдың жазуымен жас ғалым Заңғар 2016 жылдың күзінде қаза тапты. IT саласына өзіндік үлесін қосқан жас ғалым туралы барлық қазақ баласы білуі тиіс. Бəлкім, бірі болмаса бірі ағаларының ізін жалғар деген оймен осы орайда Заңғардың анасы Сара Ержановамен сұхбаттасқан едік…
Заңғар Орынбетов – 2016 жылы Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел университетін үздік дипломға бітірген IOS құрастырушы. Сол жылы маусым айында Apple компаниясының конференциясына Америкаға шақырту алды. Заңғар Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. 7-сыныпқа дейін №40 мектепте оқып, 11-сыныпты №24 лицейде тəмамдады. Бала кезінде Заңғар өзін-өзі алып жүре алатын сыпайы, ашық мінезді болатын. Барлық балалардың армандағанындай, оның да президент болғысы келетін. Мектеп жасында компьютер ойындарына қатты қызықты. Бірінші жобасын балаларға арнап еді. Досы Олжас Алдабергеновпен бірге қазақ əліпбиін анимациялық суреттерде сөйлетті. Осы жоба университетте болған байқауда бірінші орын алды. Сосын Дархан Қуанышбай деген досымен бірігіп, in Touch деген мобильді қосымша құрастырды. Іn Touch қосымшасы арқылы хат алмасуға, достарының мекен-жайын білуге болатын. Бұл жобаны университетінде екінші орынға лайық деп бағалады. Айналамызға қарасақ, бір адамның бойынан жақсы қасиеттің бəрін бірдей табу мүмкін еместей көрінеді. Алайда, Заңғардың тұла бойы тұнған жақсы қасиеттер еді. Ол өте сабырлы болды, бар қиындыққа асқан шыдамдылықпен төзе білетін. Бала кезінен бүкіл тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп, ұқыпты орындайтын.
Айналасына əділетті қарап, парасатты шешім қабылдайтын. Ең бастысы, жан баласын ренжітпейтін, біреумен ренжіскенін көрмейтінсің. Мейлінше мейірімділігіне салып, керісуден қашатын. Үлкендерге, жақындары мен туыстарына да құрметпен қарайтын. Əлдебіреуге ашуланып, дауыс көтергенін ешқашан көрген емеспіз. Əрдайым күлімдеп жүретін жəне бəрімен лезде араласып кетуші еді. Қандай қиындыққа кез болса да жақындарына жүк салмай, өз бетінше шешетін. Заңғардың ерекше мінезі – перфекционист еді. Жобаларын жүзеге асыру барысында ең кішкентай бөлшегіне дейін мəн беретін. Магистратурада оқумен қатар студенттерге сабақ беріп жүрді. Студент-шəкірттері, əріптестері оның əділетті, ақылды болғанына қарай ерекше құрметтеген екен.
Денсаулығына да қалай болса солай қарамай, спортпен айналысатын. Бала кезінде жүзуге баратын, өскен соң сноуборд пен коньки тебуді өзі үйренді. Достарымен жəне отбасымен бірге тауға, таза ауаға шыққанды қатты ұнататын. Сонымен қатар ұзақ қашықтыққа велосипед тепкенді де жақсы көруші еді. Мен Заңғардың ренжіп, ашуланғанын ешқашан көрмедім. Ешқашан. Үнемі күлімдеп жүретін. Сосын өте қарапайым еді. Америкаға барып Кукпен кездескен соң: «Əңгіме айт, мен де мақтанайын», – деп сұрағанымда, «Бəрі əдеттегідей», – деп жымиып еді.
Зако есейсе де мультфильмдерді жақсы көретін. Оның атасы бар. Кішкентай кезінен жоғары сыныптарға дейін атасы келгенде қасына жатып, ертегі айтқызатын. Жалғыз қарындасын қатты еркелететін еді. Екеуі тете болса да ұрыспайтын. Себебі, Заңғар кішкентай кезінен қарындасына қамқор, кішіпейіл болатын. Адамдарға сенгіш еді. Сабақты жақсы бітірген кезінде велосипед сатып əпердік. Жапжаңа, күшті велик. Көшеде теуіп жүрген. Бейтаныс бала: «Бір айналып келейінші»,– деп сұрағанында бере салған екен. Сол айналғаннан əлгі бала ұзаққа кеткен. Заңғар болса сол жерде кеш батқанша тұрыпты. Ал əлгі бала сол бойы келмеді. Сол кезде бала Заңғар қатты мұңайса да, адамдарға деген сенімін ешқашан жоғалтпады. Мүмкін сол үшін де оны студенттері ерекше жақсы көрген болар. «QZ Қазақ тілінің білгір пернетақтасы» жобасын бір жыл уақыт бойы құрастырды. Барлық деталін тиянақтап, тексерген соң 2016 жылдың қыркүйегінде жүзеге асырмақшы болған. Бірақ, үлгермеді. Бірінші курстан бірге жүрген досы Дархан Қуанышбай осы жобаның аяқсыз қалмауын қадағалап, досының ісін аяқтады.
App Store-ға «QZ Қазақ тілінің білгір пернетақтасын» жүктеді. Оның болашақта қандай қосымшаларды құрастырғысы келгенін, ойында қандай дүниенің болғанын ешкім білмейді. Тек бір анығы, ол Apple компаниясында жұмыс істеп, IOS құрастырушы мықты маман болып, өз ұлтының IT саласында жоғары нəтижеге жеткенін қатты қалаған еді. Бұл оның ізгі арманы еді… – деп анасы Сара Ержанова жас ғылымның өмірінен сыр шертті. Сөз соңында Хакім Абайша айтқанда: Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, – дегіміз келеді. Болашаққа бағдар жасайтын жас өрен, Заңғар Орынбетовтей жас ғалымның жолын қуып, арманын орындайтындай мақсаттарың биік болсын!
Ақмарал Ағзамқызы, Ұлан газеті