Патша: Ең бақытты адам есігімдегі қара құлым
Патша: Ең бақытты адам есігімдегі қара құлым

Жаратқан Тәңір Жер Ана төсінде мекен еткен адам баласына қос бақытты нәсіп еткен. Ол Жан бақыты және Жар бақыты. Жар бақыты — алдамшы бақыт. Ол өзекті пенде біткеннің барлығына бірдей берілетін сыбағалы тарту. Рас, кей сәттерде бақыттың кілті саусаққа тағылған сақинада ма деп қаламыз. Жарар, солай болсын делік. Бақытты саусаққа киілген сақинада десек, «сынық тағдыр»,  «жетім» атанған қара көздер әсте болмас еді-ау. Бақыт кілті саусақтағы сақинада  немесе мөр басылған бір парақшада емес! Бақыт кілті — Жан бақытында. Жан бақыты ол атақта, байлықта емес. Ол адамның өз өмірінен ғибрат ала, Алланың разылығы үшін адами ғұмыр кешуінде…

Бір замандарда бір патша болыпты. Бірде оған ең жақын досы келіп «Әлемде сенен бақытты жан жоқ шығар. Қаншама байлығың бар, мыңғырған малың бар, мың сан қызметшің бар, оғландай батыр ұлдарың бар, ең бастысы айдай сұлу, күндей көркем, жібектей нәзік, талшыбықтай бұралған жарың бар»,-депті. Сонда патша: -«Жоқ, әлемде менен асқан бақытсыз, бейшара жан жоқ. Рас, менің мыңғырған малым бар, бірақ олар бір жұт келсе қырылып қала бермек. Қызмет етіп құлдық ұрған мың сан қызметшім бар, бірақ олар күні ертең басымнан бағым ұшқанда, астымдағы тағым тайғанда жағама жармасып, досым дұшпаныма, сырласым сырттаныма, сенерім адасқаныма айналады. Иә, менің оғландай батыр ұлдарым бар. Дүниенің дүрмегінен өтіп, бақилық бола қалсам олар менің ғибратты өнегелі ісімді жалғастыру үшін емес, астымдағы тағым мен басымдағы тәжім үшін бір жатырдан шықса да бірін-бірі жат санар. Топырағым кеппестен мені мәңгілікке ұмытар.

Сен бір сөзіңді айна-қатесіз дұрыс айттың. Рас,менің айдай сұлу жарым бар. Оның сұлулығынан жердегі пенде түгілі көктегі күннің өзі қымсынады. Рас, мен оны аймалаймын, құшам, сүйем. Бірақ, жанын емес, тәнін аймалап, тәнін құшамын… Патша болып ел билеп, елге үстемдік етсем де, өз жарымның жанына билік ете алмадым. Оның жүрегінде қала алмадым, тәніне еткен билігімді өзіме қанағат тұттым. Өз жарының, жүрегінен орын ала алмаған адам – нағыз бақытсыз адам. Ал ең бақытты адам есігімдегі қара құлым. Онда мен де жоқ байлықтың бәрі бар. Сүйікті жары, әке сөзін ұлықтаған ұлдары ең бастысы өзін шексіз құрметтейтін отбасы бар», -депті. Патша сөзін бүкпесіз тыңдаған досы: «Бақыттың бастауы байлықта емес, махаббатта екен-ау»,-деп ойланыпты…

Шоқан АЙТБАЙ

http://kultobe.kz/

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
2 года назад 885
1 комментарий
  • Ал ең бақытты адам есігімдегі қара құлым. Онда мен де жоқ байлықтың бәрі бар. Сүйікті жары, әке сөзін ұлықтаған ұлдары ең бастысы өзін шексіз құрметтейтін отбасы бар.
    2 года назад
О блоге