Неге айт мерекесінде балаларға сыйлық бермейміз?
Неге айт мерекесінде балаларға сыйлық бермейміз?

Осы Ораза айтқа балаларыңыз бен ата-аналарыңызға, туған-туыстарыңыз бен жақындарыңызға сыйлықтар жасадыңыздар ма? Неге бұл мерекені тек ауыз ашумен ғана байланыстырып жібергенбіз? Неге сыйлық жасап балаларымызға бұл үлкен мерекенің маңызын сездірмейміз? Бұлай бара берсе ұрпағымыз, үрім-бұтағымыз келесі ғасырға дейін тек жаңа жылды ғана асыға күтетін болмай ма?! Есімде, қайбір жылы Түркияда болғанымызда сапарымыз айт күндерімен тұспа-тұс келген еді. Оларда Ораза айт - нағыз жалпыұлтттық мейрам екен. Телеарналарында айтқа байланысты əртүрлі ток-шоулар мен репортаждар боп жатыр. Журналистер тікелей эфирде халықтың ортасына шығып, дүкендерді аралап, азаматтардан туыстарына қандай сыйлық алып жатқандарын сұрап, мерекелік дастарханның ас мəзіріне қандай тағамдар қоюға болатынын айтып, небір қызықты бағдарламалар көрсетіп жатты. Бізде сондай жалпыұлттық деңгейдегі тойлау болса ғой, шіркін... Мұсылман үшін Ораза айт пен Құрбан айттан басқа қандай ұлық мереке болуы мүмкін? Бұл Алла тағаланың бізге берген үлкен ризығы! Неге біз жаңа жылды тойлап, балаларымызға сыйлық жасап сол мерекені бəрінен де жоғары қоюымыз керек? Құдайға шүкір, діни һəм ұлттық мерекелеріміз соңғы жылдары біршама кеңірек тойлануда. Енді бүкіл ойын-сауық жəне сауда орталықтары осы мерекелерге дайындалып, əрқилы мерекелік шаралар, байқаулар өткізіп, халықтың көңіл-күйін көтерсе екен. Мен бүгін бос ұранды қойып, Ораза айттың құрметіне əрі туыстарыма мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында бəріне сыйлықтар жасап, кішігірім мерекелік дастархан жайдым. Үлкен қызым: "Ораза айт - жақсы мереке екен!" -деп, қуанып кетті. Ал екі жасар кіші қызым сыйлықтарын қызғанып, біразға дейін қолында ұстап жүріп, шоколадтарын əбден ерітіп, үстіне жағып, бəрімізді қылықтарымен күлдірді. Мерекені осылайша көңілді тойладық! Ораза айт қабыл болсын!

Кәмшат Тасболат

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 2728
0 комментариев
О блоге