Арманы қазақ қызының...
Арманы қазақ қызының...

.
Тағдырым маған жіберсе
Жаны бір таза адамды.
Екеуміз бірге аттасақ
Келер күнге қадамды.
.
Бір ғана жанның жанары,
Еркелеген гүл болсам.
Аттаған жалғыз босаға.
Отымен кіріп күл болсам.
.
Инабатты келін боп,
Атама сүтпен шәй құйсам.
Жарымды тапқан енемнің
Аузына шекер, бал құйсам.
.
Қайғыны бірге бөлісіп,
Біріктірсе бір бақыт,
Бір жастықта қартайсақ
Бірге өтсе ән мен жыр уақыт.
.
Әрбір сөзін заң қылып,
Ерім деп бетін қақпасам.
Керегесін шайқалтпай,
Шаңырақты сақтасам.
.
Қос білегін сыбанған,
Алпамыстай ұл тапсам.
Қос өрімі сыланған,
Күнекейдей қыз тапсам.
.
Қаяу түссе жанына,
Жасын сүртіп, жұбатсам.
Көңілін тауып әрдайым
Ебін тауып қуантсам.
.
Қорғаштап құдды шортандай
Ағысқа қарсы мың шапсам.
Оралса үйге шаршанқы
Жадырап, жайнап қарсы алсам.
.
Тілеуін сұрап Алладан
Қасында дәйім бар болсам,
Барлығын бірге бөлісіп,
Адал да асыл жар болсам,
.
Өмірде мына қылт кетсе,
Қатесін бірге түзейін.
Сәждеге тиіп басымыз
Жәннатқа бірге жүзейін.
.
Иманнан сауат ашайын,
Кетпейін мәңгі надан боп.
Өмірден бірге өтейін,
Ол маған пана, мен оған жақын адам боп.
.
"Отбасы" деген күймені
Бастаса алға сүйретіп.
Артынан ертіп отырса,
Оң менен солды үйретіп.
.
Қорғаны болар әрдайым,
Ұлы мен ерке қызының.
Мен оған өтсем өмірдің
Білдіртпей қара сызығын.
.
Бос қиял емес, бұл әсте
Арманы қазақ қызының...
.

Ұлжан Аманқызы

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
1 год назад 1174
5 комментариев
О блоге