Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Ашамайға мінгіз
Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Ашамайға мінгіз

Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Ашамайға мінгізу.

Қазақ ертеде ер балаларды сүндетке отырғызып, алғаш рет ашамайға мінгізу дәстүрін жасаған. Кейбір өңірлерде бұл дәстүрді "ашамай тойы", "ат мінгізу тойы" деп те атаған.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бұл дәстүр әдетте бала 5-6 жасқа келгенде жасалады екен. Себебі, халқымыз ертеден ер баланы жауынгер етіп тәрбиелеу, еңбекке баулуды мақсат екен. Балаларға арнап алдын ала ат дайындап, ер-тұрман әзірлеген. Сол күні бүкіл ауыл мәз-мейрам болып, мал соятын. Баланы көбіне жуас жылқыға отырғызған. Бұл баланың жауынгер, мықты ер-азамат болып өсуі үшін жасалады.

© ok.ru

Ашамай деп, кішкентай балаға арналған тоқымды айтады. Кейбіреулер оны арнайы тапсырыспен жасатып жатады. Ашамай негізі ағаштан жасалады. Алды-артында ер-тоқымдағыдай сүйеніші мен үстінде жұмсақ көпшігі болады. Сондай-ақ, дәстүр бойынша, баланы ашамайға мінгізу үшін өте жуас жылқыны, көбінде жуас жылқы ретінде тайды таңдайды. Содан сон тізгінді балаға ұстатады, сөйте-сөйте баланың өзі жүреді. Осылайша, қазақта бала ашамайға мініп үйреніп болған соң ғана ер-тоқымға мінген. 

Тарихи деректерге қарағанда, бұл дәстүрді ата-ана жағдайына қарап жасаған. Кейбіреулер мал сойып, той жасап жатса, бірі көршілеріне ырым жасап, лағын сояды. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауыл ақсақалдарынан бата сұраған. Бата берілген соң баланың қолына аттың тізгіні беріліп, оң қолына қамшы ұстатып, әйелдер шашу шашып, тілектерін айтады. Осылайша, қазақ ашамайға мінген баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп және ол табанды, байсалды және мықты болып өседі деп түсінген. Бұл оның ат басын тартып, азамат болғандығының белгісі болған.

© ok.ru

Молдир Калыкова

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 ай бұрын 1211
0 пікір
Блог туралы