"Орамалсыз жүре алмаймын": Хиджаб киген қазақ қыздары дінге қалай келгендерін айтты
"Орамалсыз жүре алмаймын": Хиджаб киген қазақ қыздары дінге қалай келгендерін айтты

Stan.kz тілшісі орамалды қыздармен тілдесіп қайтты. 

Әсел Болатқызы, жуналист:  

"Хиджабтың кемшілігі жоқ деп есептеймін. Дегенмен осыған дейін спорттық үлгіде киініп жүрген маған белдемшеге үйренісу қиын болды. Ал қазір шалбар кие алмайтындай үйреніп кеттім", - деген Әсел алғашында көпшілік орындарда өзіне түскен назардың жағымды бола қоймағанын айтады. 

"Хиджабты киген соң ортаның қабылдауы қиын. Басқа планетадан ұшып келген адам сияқты қарайды (күліп). Әсіресе, совет заманындағы кәрі кісілер солай қабылдайды", - дейді орамалды қыз. 

Хиджаб мемлекеттік мекемелерде стандартты киім үлгісі саналмағандықтан орамалды қыздарды жұмысқа алмайтыны жасырын емес. Болатқызының пікірінше кәсібіңнің маманы болсаң, ешқандай кедерегі жоқ.  

"Мемлекеттік орындарда қабылдамаса да, жеке кәсіп орындарда өз қабілетің мен қарымыңды көрсете алсаң, хиджаб кигеніңе қарамай табысты бола аласың. Орамалда тұрған ештеме жоқ, ол жай ғана киім үлгісі. Кәсіби болсаң орамал кедергі емес", - деп кесіп айтты. 

Ұзын орамалды әдемі етіп, сәнді қылып тағудың да өз қиындығы бар. Тым ұзақ уақытты алуы мүмкін. Әселден орамал тағуға қанша уақыт жұмсайтынын сұрағанымызда: 

"Басында өте нашар етіп тағатынмын. Жарты сағаттай уақытым кететін. Кейіннен қасымдағы құрбыларым орамалды қалай дұрыс тағу керектігін көрсетті. Қазір шамамен 10-15 минут уақыт жұмсаймын, қатты асыққанда 5 минутта орап боламын", - дейді Әсел Болатқызы.

21 жастағы Шалқар Мадина хиджабтың мәні туралы өз ойын былай түйіндейді: 

"Зайырлы мемлекетте тұратын болған соң біздің университет мәжбүрлі түрде орамал тақтырмайды. Тақса да, тақпаса да өз еркі. Ортамның себепші болуымен, Алланың қалауымен орамал тағуға бекіндім. Хижаб - он сегіз мың әлемді жаратқан Алла Тағаланың бұйрығы. Балиғат жасына толған әрбір қыз баласына міндеттелген. Мұсылман ретінде Алладан түскен бұйрық болған соң біз оны орындауға міндеттіміз. Хиджабта жүрген қыз баласы өзін қауіпсіз сезінеді".  

Ақтолқын Орысбайқызы, журналист: 

"Үлкен кісілер орамалды тартқыштап "әлі жас емесің бе" деп жақтырмай жатады. Ең қызығы осылай теріс пікірлерге жауап қайтарсаң, орамалды қыз бола тұра жауап қайтарып жатсың деген сөз естисің. Әңгіме ормалда емес. Ислам ғана мінсіз. Басқаның бәрі қателеседі. Қоғамда орамалды қыздар мүлде жауап беруге, пікірін ашық айтуға болмайды деген мәселелер кездеседі. Бірақ бұл өткеннің еншісінде қалды", - деген Ақтолқын хиджаб кию қоғамнан алшақтау еместігін айтады. 

"Хиджаб кидім деген сөз - қоғамнан оқшауландым деген сөз емес. Орамал тақтым деп төрт қабырғада отыру шарт емес. Сіз бірінші кезекте адамсыз ғой. Жеке индивид ретінде осы нәрсені шатастырмауымыз керек. Мен өнер саласында жүрмін, орамал таға алмаймын деп сырт айналуға болмайды", - дейді Ақтолқын Орысбайқызы. 

Орамалды қыздардың хиджаб туралы толық пікірін видеодан көре аласыздар:  

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
29 күн бұрын 679
0 пікір
Блог туралы