Күйеу балаға төс тартудың пайдасы ғылыми дәлелденген бе - Маманның жауабы
Күйеу балаға төс тартудың пайдасы ғылыми дәлелденген бе - Маманның жауабы

Қазақ ет асқанда күйеу балаға әрдайым малдың төсін берген. Басқа жілік емес, неге төс? Оның қандай қасиеті бар? Tengrinews.kz тілшісі Камила Долаеваның бұл сұрақтарына этнограф, уролог-андролог мамандар жауап берді. 

Төс пайдасының ертегідегі көрінісі 

Қазақта "Зәрем зәр түбіне кетті" деген тұрақты тіркес бар. Мұндағы зәр түбі - қуықасты безі. Оның қабынуы простотит ауруына алып келеді, ал ол өмірге бала әкеле алмай жүрген жас отбасының басты проблемаларының бірі. Десе де ертеде ата-бабамыз бұл мәселенің де шешімін білген сияқты. Қазақтың неге күйеу балаға төс тартатынын түрлі әдебиеттен іздеп, зерттеген журналист Нұрлыбек Саматұлы "Дат" газетінде осы мәселе жайлы мақаласын жариялаған. Онда ол төстің қасиеті қазақтың ертегісінде көрініс тапқанын айтады. 

"Ер Төстік" ертегісін еске түсірейік. Ерназар деген байдың сегіз ұлы жұт жылы қалың жылқысымен бірге ығып кетіп, сол күйі оралмай жоғалады. Күні кеше байлығы тасыған Ерназар әп-сәтте кедейленіп, тіпті ішер асқа зар болып қалады. Ашыққаны сондай, кемпірі екеуі орнынан тұруға әлдері жетпейді. Сонда дымы құрып, шалқасынан жатқан шалдың көзі шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігіне түспеуші ме еді. Сол төстікті асып жеген шал әлденіп орнынан тұрмаушы ма еді. Содан ұзамай кемпірі жүкті болмаушы ма еді. Мезгілі жеткенде, кемпір ұл туып, оның атын Төстік қоймаушы ма еді. Осы сюжет қиялдан туғандай көрінгенімен, бұнда үлкен мән жатыр. Шаңырақта керулі тұрған басқа жілік емес, дәл осы малдың төсі болуы тегін емес. Майлы төсті жеп алған шалдың жас жігіттей желігуі бекерден-бекер ме?", - деп жазған автор мақаласында.  

Этнограф не дейді? 

Ал этнограф Ғалия Қайдауылқызы төс ер адамның қуықасты безін сақтайды деген пікірге аса сеніңкіремейтінін айтады. Десе де оның пайдасын жасырмау керек дейді ол. 

"Есте жоқ есті заманнан қазақта "62 тамыр, 12 мүшең сау болсын" деп бекер тілемеген. Мұнда 62 тамыр - 62 безіңді сақта дегенді білдіреді. Біз неге баланы жастайынан атқа жайдақ мінгіземіз? Без - секрет бөліп шығаратын органдар, ол безілдеп кетсе, нәр алмай, бедеу қағады. Медицинада да, төс майының ағзаға оң әсері айтылып жүр. Оны ер адам сауығу, қалпына келу, күшею, әл жинау мақсатында қолданады. Бірақ ол белсіздіктің алдын алады дегенге келісе алмаймын", - дейді ол. 

Ғалия Қайдауылқызының айтуынша, қазақ әр нәрсенің жөн-жоралғысын, жорамалын, сән-салтанатын біліп әрекет еткен. Етті сыбаға етіп, әркімнің мәртебесін, орнын көрсету үшін таратқан. 

"Ер адамды төсті жігіт, шегедей, мықты дейді. Күйеу балаға төс тартқан да бекер емес, себебі оның мықты, күшті болғанын қалайды. Одан бөлек, күйеу бала төс секілді майлы болсын, туған-туысына жайлы болсын дегеннен туған. Төс - кеуде қуысында орналасқан шеміршек, мығым мүше. Ол қойдың құйрық майы, ет майы сияқты жүрекке тимейді. Соғым алдында жылқының да семіргенін, жетіліп-өскенін білу үшін төсін басып, сипап көреді. Мұндайда төсіне май байланыпты деп айтады", - дейді этнограф.

Дәрігерлер ше? 

Уролог-андролог дәрігерлердің айуынша, негізінен еркектерде жиі кездесетін ауру - простатит, яғни қуықасты безінің қабынуы. Ол болашақ ұрықтануға кедергі келтіреді. Себебі, ұрық қуықасты безі арқылы өтеді. Сол кезде без сөл бөліп, оны сыртқы зияннан қорғайды, жылдамдығын арттырады, аналық безге жеткізуге ықпал етеді. Бұл сөл әйелдің жатырына барған ұрық қышқылды ортада жойылып кетпеу үшін керек. Ал қуықасты безінің қабынуы ұрық сапасын төмендетеді.  Ал медицина тұрғысынан төстің мұндай қасиеті әлі зерттелмеген екен. Еліміздегі андрологтардың айтуы бойынша, жалпы жылқы етінің ағзаға жағымды әсері мол болса да, бірақ, нақты төстің простотит ауруының алдын алады, күш береді деген дәлелденбеген. Дәрігерлер төс жай ғана күйеу балаға бұйырған шығар дейді, сондықтан оны ер адаммен байланыстырудың қажеті жоқ екен.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 ай бұрын 1029
0 пікір
Блог туралы