Алтын белгіге үміткер қыз орамал үшін ҰБТ-ға кіре алмауы мүмкін
Алтын белгіге үміткер қыз орамал үшін ҰБТ-ға кіре алмауы мүмкін

Талдықорғанда төртінші тоқсан басталғалы 8 оқушы сабаққа қатыспаған. Ендігі орамал таққан 11-сынып оқушысы ҰБТ-ға кіре алмауы мүмкін. Қалалық білім бөлімінің басшысы орамал таққан оқушыға тестілеуге кірмейтінін кесіп айтты. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

11-сыныпта оқитын Жансая Қамашева «кимешекті шешу Меккедегі Қағба тасын құлатқанмен тең» дейді. Ол орамалды 3-іншін сыныптан бері тағып келеді екен. Енді алтын белгіге үміткер болып отырған қыз орамал үшін ҰБТ-ға кіре алмауы мүмкін.

«Білім алу құқығымыздан айырып жатыр. Біз не істейміз? Біз не істеуіміз керек, бізді кім қорғайды? Бәріне кіріп шықтық, облыстық, қалалық білім басқармасына, ІІД, жемқорлыққа қарсы басқармалардың бәріне бардық. Ешқайсынан көмек болған жоқ. Облыс әкімі де, қалалық әкім де маңайлатқан жоқ», – дейді Жансая Қамашеваның анасы Құралай Мұсаханова.

Сонымен қатар №14 мектепте оқитын тағы бір оқушы орамал үшін мектепке кіре алмай жүрген көрінеді.

«Жетектеп шығарып тастайды. Директордың өзі меңгерушімен бірге шығарып тастайды. Балалардың сабаққа кірмейтінін айтады. Неге кірмейтінін сұрасам, «басындағы орамалын шешсін» дейді», – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айгүл Болатқызы.

Ал Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы бұл әрекеттердің заңды екенін айтуда. Олар білім министрлігінің 2016 жылы 26 қаңтарда бекіткен 26-бұйрығының аясында осындай шара атқарылып жатыр, дейді.

«Сол бұйрықтың 13-ші тармағында нақты көрсетілген, яғни мектеп формасына түрлі діни конфессиялары бар элементтерді қосуға болмайды. Төртінші тоқсан бойы 8 оқушыны біз кіргізген жоқпыз. Себебі білім министрінің бұйрығы талабының орындаған жоқ. Осы себепті кіргізген жоқпыз.», – дейді Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов.

Білім бөліміндегілердің сөзінше, төртінші тоқсаннан бері мектепке кіре алмай жүрген оқушылар алдыңғы тоқсандағы үлгеріміне қарап қорытылатын болады. Алайда олар орамалын шешпесе, жаңа оқу жылында да мектепке кіре алмайды.

Abai.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
5 ай бұрын 1148
0 пікір
Блог туралы